Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қоюы елдің рухани және интеллектуалдық дамуына бағытталған маңызды тарихи шешімдердің бірі деп есептеймін. Бұл құжат тұтас қоғамның ой-санасын жаңғыртуға арналған стратегиялық қадам.
Кітап – ұлттың рухани қазынасы, ал кітап оқитын қоғам әрдайым дамуға, ізденіске және жасампаздыққа ұмтылады. Бүгінде технология мен ақпарат ағыны күшейген заманда жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру ерекше маңызға ие. Сондықтан жаңа форматтағы кітапханалар ашу, цифрлық кітап платформаларын дамыту, ұлттық әдебиетті насихаттау секілді бастамалар – өте өзекті әрі уақыт талабына сай шешім.
Әсіресе, «Зерделі ұлт» тұжырымдамасының әзірленуі мен бірыңғай ұлттық цифрлық кітапхана платформасының құрылуы – білімге қолжетімділікті арттырып, кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар отандық жазушылар мен ақындарды қолдау, ұлттық әдеби мұраны әлемге таныту – қазақ руханиятының дамуына зор үлес қосатыны сөзсіз.
Кітап оқуға бет бұрған ұрпақ – елдің ертеңін ойлайтын саналы ұрпақ. Сондықтан бұл бастама әр отбасынан, әр білім ордасынан, әр азаматтан қолдау табуы керек деп санаймын. Зерделі ұлт қалыптастыру – тек мемлекеттің емес, баршамыздың ортақ міндетіміз.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
«Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» КММ
Еңбекшіқазақ аудандық филиалының меңгерушісі



