Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыруға бағытталған Жарлығы – еліміздің рухани әрі интеллектуалдық дамуына жасалған маңызды қадам. Жарлықта цифрлық құралдарды кеңінен қолдана отырып, жаңа форматтағы кітапханаларды құруға ерекше басымдық берілген. Өйткені қазіргі оқырманның сұранысы өзгерді. Бұрын кітапхана тек кітап алатын орын болса, қазір ол білім алмасатын, пікір бөлісетін, шығармашылықпен айналысатын заманауи ортаға айналып келеді.
Цифрлық технологияларды енгізу арқылы кітапқа қолжетімділік артады. Электронды кітаптар, онлайн каталогтар, аудиокітаптар мен виртуалды платформалар әсіресе жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын күшейтеді. Сонымен қатар ауыл мен қала арасындағы ақпарат алшақтығын азайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа форматтағы кітапханалар жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, жаңа идеялар мен жобалардың пайда болуына ықпал етеді. Мұндай орындарда түрлі кездесулер, шығармашылық кештер де ұйымдастырылады. Бұл өз білгеніңмен бөлісіп, өзге жандардың да пікіріне құлақ түруге үйретеді. Осылайша рухани орта қалыптасады.
Жарлықта отандық қаламгерлерді қолдау мәселесі де назардан тыс қалмаған. Бұл – жазушылардың тынымсыз ізденісі мен еңбегіне көрсетілген құрмет. Сонымен қатар жаңа авторлардың қалыптасуына да жол ашады. Ал оқырманның дәл қазіргі кезеңнің мәселелерін қаузайтын, заман өзгерісіне сай шығармаларды іздейтіні белгілі.
Балалар мен жастар арасында кітап оқу дағдысын қалыптастыру жайы да ерекше аталып өткен. Өйткені кітап оқитын жас – терең пайымдай алатын жас. Бүгінгі буын тек ақпарат тұтынушы емес, саралай алатын, ізденетін, шығармашыл тұлға болуы керек. Әсіресе «Жылдың 10 оқырманы» жобасының қолға алынуы оқырманның ынтасын арттырып, кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтереді деп сенемін.
Бұл бастама білімді, саналы, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға бағытталған маңызды шешім деп есептеймін.
Айгүл Ақтанова
Қонаев қалалық кітапханасының директоры




