Перейти к содержимому

Әділеттіліктің сақталуы маңызды

25 қаралым

2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен Мемлекет басшысы ілгерілетіп отырған «Заң және тәртіп» идеологиясы еліміздің саяси-құқықтық дамуының жаңа белесін айқындап берді. Бұл тұжырымдама тек құқықтық нормалардың жиынтығы емес, ол – Әділетті Қазақстанды құрудың стратегиялық негізі және қоғамдық тұрақтылықтың басты кепілі. Әсіресе, ел қауіпсіздігінің тірегі болып табылатын әскери ортада бұл қағидаттардың сақталуы мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен ішкі тұтастығы үшін айрықша маңызға ие.
«Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның кепілі» идеологиясының басты мақсаты – қоғамда заңды қатаң сақтау және құқықтық нигилизмді жою мәдениетін қалыптастыру. 2026 жылғы Конституцияның кіріспесінде бұл қағидат мемлекеттің іргелі ұстанымы ретінде бекітіліп, «Қазақстанның біртұтас халқы» Әділетті Қазақстан идеясын ұстанатыны нақтыланды.
Конституцияның 3-бабында заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету мемлекет қызметінің негізін құраушы қағидаттарының бірі ретінде көрсетілген. Бұл – заң алдындағы теңдік пен жауапкершіліктің жалпыға бірдейлігін білдіреді. Стратегиялық тұрғыдан алғанда, бұл идеология мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа «мүлдем төзбеушілік» танытуға және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Құқықтық мемлекет құруда заңның үстемдігі мен тәртіпті сақтау ғана емес, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сонымен қатар әділеттіліктің сақталуы да маңызды. Мұның бәрі біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеп, қоғамның дамуына ықпал етеді. Қорыта келгенде, «Заң мен тәртіп» қағидасы – тек жазалау шараларын қолданумен шектелмейтін, елдің тұрақтылығы мен болашағына бағытталған маңызды ұстаным. Бұл қағиданы қоғамның құндылықтар жүйесіне енгізу, оны халықтың өмір салтына айналдыру арқылы біз әділетті және өркениетті мемлекет құра аламыз.

Серік НАДЫРБАЕВ,

Еңбекшіқазақ аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы