Перейти к содержимому

Табыстың кілтін тапқан

23 қаралым

Райымбек ауданы Нарынқол ауылында қыз жасауы, құрақ көрпе, жүн түту, ескі көрпе мен жастықты жаңарту және ұлттық нақышта киім тігу кәсібімен айналысатын Райгүл Әбдуалидің шеберлігі көрген жанды тамсандырмай қоймайды.

Өз қабілетін кәсіппен ұштастырған Райгүл 2004 жылы Қытайдан атамекенге қоныс аударған. Жасынан көлөнерге бейімі бар жан көрші елде тігін өндірісі бойынша арнайы білім алған. Нарынқолға көшіп келген соң қол қусырып отырмай, өз кәсібін ашуды көздейді. Алдағы мақсатын айқындап, бизнес жоспарын жасап, мемлекеттен 2,5 пайызбен 6 млн теңге несие алады. Ол қаражатқа жүн мен мақта түтетін, көрпе тігетін станок пен тігін машинасын сатып алады. Қазіргі таңда Нарынқолдағы «Айжан» деп аталатын шағын дүкенінде өнімдерін тұтынушыларға ұсынып келеді.

Әрине, мұндай үлкен станоктарда жұмыс істеу әйел адам үшін айтарлықтай қиындық тудыратыны анық. Осы орайда Райгүлдің жұбайы Нұрбақыт та ортақ іске үлес қосуда. Ол осында аяқ киім жөндеумен айналысады. Сапалы өнімге қашанда сұраныс көп. Райымбек ауданының тұрғындары қыз жасауы, ұлттық нақыштағы киімдер мен құрақ көрпеге жиі тапсырыс береді.

Райгүл Әбдуали қой жүнінен қыжалат көрмейді. Ауыл тұрғындары малдың жүнін осында әкеліп өткізеді. Кәсібін дөңгелетіп отырған ерлі-зайыпты алдағы уақытта дүкенін кеңейтіп, бұдан да мол табысқа кенелуді мақсат етіп отыр.

Тапсырыс көбейген сайын қосымша қол күші қажет екені анық. Сондықтан жұмысшы алу да жоспарында бар. Халыққа сапалы қызмет көрсетіп отырған іскер жандарға ауылдастары дән риза.

 Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Райымбек ауданы