Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / ЕКПЕ ҚАУІПТІ ДЕРТТЕН ҚОРҒАЙДЫ

ЕКПЕ ҚАУІПТІ ДЕРТТЕН ҚОРҒАЙДЫ

25 қаралым

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департамент басшысының орынбасары Сәулет Капсаламова екпе науқанының 7 айдағы нәтижесі жайында сөз қозғады. Баяндамашының айтуынша, бүгінде жоспарлы профилактикалық иммунопрофилактикамен қамту көрсеткіші орта есеппен 41%-ды құрап отыр. Вакцинация бойынша талдау перзентхана деңгейіндегі нәрестелерді БЦЖ және вирустық В гепатитіне қарсы егу көрсеткіші 93,5% болып, жоғары деңгейді көрсетуде. Перзентхана жағдайындағы бастапқы иммунитет қалыптастыру жұмысы жолға қойылғанымен, амбулаториялық-емханалық деңгейдегі кейінгі егу шаралары белсенді ұйымдастыруды және халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді қажет етеді. Бастапқы буын жұмысын жетілдіру қажеттілігі, екпелерді сақтықпен тағайындау тәжірибесі, халықтың белгілі бір бөлігінде вакцинацияға қатысты қалыптасқан күмән мен сақтық көзқарастар иммундау динамикасының төмендеуіне әсер еткен негізгі факторлар саналады.

– Вакцинация қарқынының бәсеңдеуі амбулаториялық қызметті күшейту, медициналық қарсы көрсетілімдерді ресімдеу тәсілдерін қайта қарау және тұрғындардың иммунопрофилактикаға деген сенімін арттыру қажеттілігімен байланысты. Біз полиомиелит, көкжөтел, сіреспе, қызылша мен жүкті әйелдер үшін аса қауіпті қызамық секілді қауіпті дерттерден тек осы екпенің арқасында қорғалып отырмыз. Әйелдер арасында өте жиі кездесетін жатыр мойны обыры ауруын тудыратын адам папилломасы вирусына қарсы екпе болашақта қыз балаларды аталған қатерлі дерттен аман алып қалатын бірден-бір сенімді қалқан болып саналады. Тарихтан өте анық бір мысал келтірсек, адамзат шын шешек деген жан түршігерлік аурудан тек қана жаппай екпе егудің арқасында құтылды. Екпе аутизм тудырады деген бұрмаланған жалған ақпарат. 1998 жылы мұны мәлімдеген Эндрю Уэйкфилд жеке мақсатын көздеп, деректерді қолдан жасаған. Сол үшін ол дәрігерлік лицензиясынан айырылды. Ғалымдар миллиондаған баланы тексеріп, екпе мен аутизм арасында ешқандай байланыс жоқ екенін дәлелдеді, – деген департамент басшысының орынбасары вакцинаның адам өміріне қауіп тудырмайтынын, екпенің зияны туралы алыпқашпа әңгімелерге сенудің қажеті жоқтығын тілге тиек етті. Ұжымдық иммунитет қоғамның кемінде 95%-ы егілгенде ғана жұмыс істейтінін, егер бас тартушылар көбейсе, инфекция қайта өршитінін, кейінгі жылдары қызылшаның кең таралуы соның айғағы екеніне мысал келтірген Сәулет Баймұхаметқызы баланы жұқпалы дерттен қорғау ата-ананың басты міндеті екенін баса айтты.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ