Егін ору – диқан қауымы үшін жылдың ең жауапты әрі қарбалас кезеңі. Алажаздай тынымсыз еңбектің нәтижесі таразыға түсетін осы шақта шаруалар ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, жиын-терін жұмыстарын уақытында аяқтауға бар күш-жігерін салады.
Қазіргі таңда аудан көлемінде арпа-бидай орағы мәресіне жақындап қалды. Ерте көктемнен бері егіс алқаптарында еңбек еткен диқаншылар пісіп-жетілген астықты ысырапсыз жинап, қамбаға құю үшін техникаларын жұмылдырып, жүйелі жұмыс жүргізуде. Егістік басындағы әрбір күн мен сағаттың маңызы өте зор. Сондықтан шаруашылықтар комбайндар мен қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын тиімді пайдаланып, орақ науқанын белгіленген мерзімде аяқтауға барынша күш салуда.
Диқан еңбегі – берекенің бастауы десек, ақиқаттан алшақ кетпеспіз. Өйткені олар ерте көктемде қолдарына кетпен-күректерін алып, бір дәнді жерге сіңіріп, одан мол өнім алу үшін алажаздай дала кезіп, маңдай терлерін төгеді. Жер жыртылып, тұқым себіліп, алқап күтіліп, егіннің әр кезеңі жіті бақылауда болады. Ал жиын-терін науқаны – осы еңбектің қорытындысы саналатын маңызды кезең.
Жауапты науқанның қызған шағында аудан диқаншыларының қол қусырып қарап отырмасы айдан анық. Көктемгі егіс жұмыстарынан бастап, жаз бойы алқапты күтіп-баптаған еңбек адамдары бүгінде маңдай термен өсірген мол өнімді ысырапсыз жинап алуға бар күш-жігерлерін жұмылдыруда.
Биыл аудан көлемінде 28518,4 гектар суармалы жерге түрлі дәнді дақылдар егілді. Соның ішінде 3778,2 гектар алқапқа арпа-бидай себілді. Қазіргі таңда егістік алқаптарында қызу жұмыс қарқын алып, астық жинау науқаны жоспарлы түрде жүргізілуде.
Бүгінгі таңда 3515,2 гектар егістік алқабы бастырылып, одан 6327 тонна астық жиналып, қамбаға құйылды. Бұл дала еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегі мен шаруашылықтардағы жұмыстың жүйелі ұйымдастырылғанының нәтижесі.
Осындай күрделі әрі жауапты кезеңді ойдағыдай еңсеріп жатқан аудан диқаншыларының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында осы аптаның дүйсенбісі күні егін егудің қыр-сырын жетік меңгерген «Агрофирма «Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің №3 бригадасының егіс алқабына арнайы барып, ондағы жұмыс қарқынына куә болдық.
Аталмыш шаруашылықтың егіс алқабына атбасын бұрғанымызда, еңбек көрігін қыздырып жүрген серіктестік директоры Алмас Қыстаубаев, бригадирдің көмекшісі Думан Қожахметов және механизаторлар – Марат Құлманбетов пен Сәбит Дабыловты кездестірдік.
Егіншілікпен тұрақты айналысып келе жатқан шаруашылық ұжымы биыл өздеріне тиесілі 1000 гектар суармалы жерге бидай, 300 гектар алқапқа арпа дақылын еккен. Көктемнен бері баптап, күтіп өсірген дәнді дақылдарды жинап алу үшін еңбек адамдары күн-түн демей жұмыс істеуде.
Бүгінгі таңда 1000 гектарға егілген бидайдың 950 гектары, ал 300 гектар алқаптағы арпаның 250 гектарын бастырып үлгерген. Бұл шаруашылықтағы науқандық жұмыстардың жүйелі ұйымдастырылып, егін орағының қарқынды жүріп жатқанын көрсетеді.
«Агрофирма «Бірлік» ЖШС-ның директоры Алмас Әбдіжаппарұлының айтуынша, егін орағына 11 комбайн, 20 «МТЗ-80», 10 «МТЗ-1221» және 2 «YTO-1304» тракторлары жұмылдырылған. Сонымен қатар маусымдық жұмыстарға 100 адам қабылданып, еңбеккерлердің күш-жігерлерінің арқасында алқаптағы астықты уақытылы әрі ысырапсыз жинап алу бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.
Әңгіме барысында шаруашылық басшысы биыл 1150 гектар жерге күріш дақылы егілгенін де атап өтті. Бұдан бөлек 2900 гектар алқапқа егілген көпжылдық жоңышқаның екінші орымын жинау жұмысы да ойдағыдай аяқталуға жақын қалғанын әңгіме өзегіне айналдырды.
Шаруашылықтың тыныс-тіршілігіне байыппен зер салсақ, жауапты науқанның ұйымшылдықпен жүргізіліп жатқанын аңғаруға болады. Таңның атысынан күннің батысына дейін тынымсыз еңбек етіп жүрген механизаторлар мен дала еңбеккерлерінің маңдай тері мол өнімнің кепілі болмақ.
Сапар барысында егін орағын жүйелі ұйымдастырып, науқанды қызу жүргізіп жатқан шаруашылықтың қырманына да бас сұқтық. Мұнда еңбектің қарақазанын қайнатып, астықты ысырапсыз жинауға атсалысып жүрген еңбек адамдарының тынымсыз тіршілігіне куә болдық. Солардың қатарында қырман операторлары Болат Естаев пен Бекзат Болатұлының өзара үйлесімді әрі тиянақты жұмыс атқарып жатқанын көрдік. Әке ақылына құлақ түріп, жұмысқа ерте араласқан Бекзаттың еңбегі қырман жұмысының жүйелі әрі нәтижелі жүруіне мол ықпал етуде.
Жердің берекесін еселеп, ел ырысын арттыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген диқан қауымының еңбегі қашанда құрметке лайық. Қазіргі басты міндет – піскен егінді ысырапсыз жинап, қамбаға құйып алу. Осы жауапты жұмысты абыроймен атқарып келе жатқан «Агрофирма «Бірлік» ЖШС ұжымының еңбеккерлері науқанды сәтті аяқтап, мол өнімге кенелері хақ.
Астықты дер кезінде орып, тасымалдап, қоймаға орналастыру – өнімнің сапасы мен көлемін сақтаудың басты шарттарының бірі. Осы ретте еңбеккерлердің ұйымшылдығы мен жауапкершілігі айрықша маңызды.
Егін орағының сәтті аяқталуы – тек шаруалардың ғана емес, аграрлы өңіріміздің берекесін арттырары сөзсіз. Өйткені ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі тірегі.
Ең бастысы – ауа райы қолайлы болып, дала жұмыстары ойдағыдай аяқталып, еңбекпен өсірілген әрбір дән ел ырысына айналып, диқан қауымының маңдай тері ақталса деген тілек тіл ұшына орала береді.
Берекелі жерден мол өнім жинау – ең алдымен табанды еңбек пен тиянақты тірліктің жемісі. Ендеше, ел ырысын еселеп, ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып жүрген диқаншы қауымының еңбегі әрдайым жемісті болғай!
Бақтығали ДӘУІТБАЙ
Балқаш ауданы