Жолда кейде бір секундтың өзі шешуші болады. Телефонға келген хабарламаға бір сәт көз жүгірту, жылдамдықты аздап арттыру немесе бағдаршамның ауысуын күтпеу – жүргізуші үшін ұсақ нәрсе болып көрінуі мүмкін.
Бірақ жол қателікті кешірмейді.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жүргізуші де, жаяу жүргінші де өз жауапкершілігін сезінуі керек. Рөлге мас күйінде отырмау, жылдамдықты сақтау, қауіпсіздік белдігін тағу, көлік жүргізіп келе жатып телефонға алаңдамау – қарапайым талаптар болғанымен, адам өмірін сақтайтын маңызды ережелер.
Жаяу жүргінші де жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпеуі, бағдаршамға бағынуы қажет. Әсіресе балалардың жол қауіпсіздігіне ата-аналар ерекше көңіл бөлгені жөн.
Жолда ең маңыздысы – бірінші болып жету емес, асықпай аман-есен жету.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ