Жаңа оқу жылының басталуына орай, Райымбек ауданында әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осыған орай аудан орталығы Нарынқол ауылында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы ұйымдастырылды.
Акцияның негізгі мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету, сондай-ақ әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу.

Шараға аудан әкімі Дастан Құдабаев қатысып, жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін жеткізді. Оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, оларға сәттілік, жақсы білім алуға деген ынта-жігер мен жетістіктер тіледі.
Нарынқолда өткен іс-шарада мемлекеттік мекемелер мен демеушілердің қолдауымен «Мектепке жол» акциясы аясында аудан көлемінде 130 балаға оқу жылына қажетті құрал-жабдықтар алуына көмек көрсетілді.
Жалпы «Мектепке жол» акциясы аясында аудан бойынша 580 оқушыны қамту жоспарланып отыр.
Балаларға жасалған әрбір қолдау – олардың білімге деген қадамына берілген үлкен демеу. Осындай игі бастамалар жаңа оқу жылын қуанышпен бастауға мүмкіндік береді.
Акция жыл бойы жүргізілетіндіктен, алдағы уақытта да әлеуметтік көмек қажет ететін оқушыларға демеушілік қолдау көрсетіледі.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы