Қазақстанның жері кең, байтақ. Тек, бір әттеген-ай дегізетіні –халқының саны аз. Мұндай ауқымды аймақты қорғап тұру үшін де сәйкесінше тұрғын теңгерімі болса дейсің. Әсіресе, шекаралық аймақтарда халық тығыздау қоныстанса ғой. Жерімізге көз тікпек болған дұшпанкөздердің арам пиғылдарына біршама тоқтау болар ма еді?! Уақыттың еншісіндегі жайт шығар деп қоясың.
Осылай арман қанатында отырып, бұл не айтпақшы болып отыр демес үшін біруақ ресми мәліметтерді сөйлетуге тура келеді. Тоқ еткізіп айтар болсақ, елімізде 500 ауыл таратылмақшы екен. Енді бұған не себеп дегенге келсек, ауыл халқының саны азайып бара жатқаны белгілі болып отыр. Соның салдарынан бес жүзден астам ауылдың жұрты ғана қалмақ.
Ресми мәліметтерге қарасақ, соңғы 10 жылдың, атап айтқанда 2012-2022 жылдардың ішінде ауыл тұрғындарының саны 100 мың адамға – 7,6-дан 7,5 миллионға, ал ауылдардың саны 6,9-дан 6,3 мыңға азайған. Бір назар аударарлығы, таратылған ауылдардың көпшілігі еліміздің солтүстік аймақтарының үлесінде екен. Бұл жақтағы олардың саны – 269. Ал оңтүстікте – 119, батыста – 118, орталық-шығыс аймақтарда – 103 ауыл. Көрсетіліп отырған цифрлар еріксіз бірқанша ойларға жетелейді.
Жалпы, жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне назар салсақ, осы, 2023 жылдың бас кезіндегі кезең бойынша республикамызда тұрғын саны 50 адамнан аз 549 ауыл тіркелген көрінеді. Аталған ауылдарда 14 мыңнан астам адам тірлік кешіп жатыр. Бірден-бір таратылуы ықтимал ауылдар – осылар. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы жөніндегі» Заңына сәйкес, тұрақты тұратын тұрғын саны 50 адамнан кем емес аумақ елдімекен болып есептеледі. Сонымен қатар, ауылдықтардың мекен ауыстыруының негізгі факторы – өмір сүрудің төзгісіз жағдайлары екені қосымша хабарланып отыр. Көп жағдайда ауылдарда қарапайым ауыз суы, қажетті инфрақұрылым, демалыс орындары, даму мен жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Тағы бір атап көрсететін жайт, бүгінгі таңда еліміздегі 1,4 мың ауыл тұрғындарын сапалы ауыз су тапшылығы қажытқан. Ал 6,3 мың ауылдың 27,1 пайызы ғана орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету жүйесіне қосылған. Сондай-ақ, білім беру және медициналық қызметтер ұсынуға байланысты мәселелер де бүйірден қадалған тікенектей жайттар. Ауылдардағы 2,7 мың мектептің оқушы контингентіне байланысты аз комплектілі екендігі – жасыруға болмайтын мәселе. Көптеген ауылдарда фельдшерлік пункт ашатындай медициналық нысан да жоқ, ал медициналық нысаны бар делініп жүрген 2,3 мың ауылдағы нысандардың салынғандарына 40 жылдан асып кеткен.
Сонымен қатар, ауылдықтардың көші-қонына ауылшаруашылық саласының жаңғыртылуы да өз ықпалын тигізіп отыр. Себебі, агроөнеркәсіптік кешендерді автоматтандыру мен цифрландыру еңбек өнімділігін арттырады, нәтижесінде аграрлық сала көп жұмыс қолын қажет ете бермейді.
Халықтың қалаға ағылуының тағы бір маңызды және алаңдатар факторы ретінде адамдардың санасының өзгеруін айтуға болады. Қазіргі ауыл халқы да жұрттан қалмай, балаларына сапалы білім беріп, лайықты келешегін қамтамасыз етсек дейді. Мұндай ұмтылыс, сөз жоқ, қуантады. Десек те, тұтас еліміздің тыныс-тіршілігінде маңызды рөл атқарып отырған ауылды мүлдем тастап кетудің немесе таратып жіберудің саяси да, экономикалық та жөні жоқ қой. Олай болса, тиісті сала министрліктері жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып, халықтың тұрақтауына негіз болар шараларды қолға алғандары әбден орынды болар еді.
Әлқисса, мұның барлығы аз десеңіз, осындай ішкі көші-қонның салдарынан бір кездері моноқала атанғандар ауылға айналып, ірі делінетін ауылдар қалаларға айналып шыға келері даусыз. Сөзіміз дәлелді болу үшін мынадай деректерді назарларыңызға ұсынсақ деп отырмыз.
Елімізде «Ашық НҚА» порталы бар. Онда заңдарға, ережелер мен нұсқаулықтарға және тағы басқа нормативтік-құқықтық актілерге енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар халық назарына ұсынылып, талқыға салынатыны белгілі. Сол порталға биылғы жылдың 12 қыркүйегінде 2021 жылы қабылданған «2025 жылға дейінгі Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту Тұжырымдамасын бекіту жөніндегі» жарлыққа түзетулер жобасы енгізілмек. Сол құжаттың бір тармағында, бұдан былайғы жерде, ресми түрде ауыл деңгейіне түсуі ықтимал қалалар тізімі берілген.
Сөз болып отырған жобаға сәйкес, тұрғын саны 10 мыңнан аз қалалар әкімшілік мәртебесінің өзгеру үдерісінен өтуге тиіс болады. Қазіргі таңда мұндай мәртебе деңгейіне құлдырауы мүмкін елдімекен үшеу: Степняк (Ақмола облысы) – халық саны 3,8 мың адам; Темір (Ақтөбе облысы) – 2,1 мың адам; Жем (Ақтөбе облысы) – 1,5 мың адам.
Солармен бір мезгілде халық саны кейбір қаладағыдан көп, «өсуі мүмкін» және қала мәртебесіне ие болуы ықтимал ауылдар да бар. Мұндай елдімекендердің жалпы саны елімізде – 17. Солардың ішінде ең ірілері санатында: Бейнеу (Маңғыстау облысы) 54 мың адам; Қарабұлақ ауылы (Түркістан облысы) – 50 мың адам; Ұзынағаш ауылы (Алматы облысы) – 47 мың адам.
Естеріңізге сала кетейік, «Ашық НҚА» порталындағы жоғарыда аталған жобаны талқылау осы, қыркүйек айының 26-сына дейін созылады.
Республика бойынша ауылдарға қатысты қалыптасып отырған ахуалдың сиқы осындай. «Сиқы» деп сүмірейтуге мәжбүрміз. Халық «жайлы жер іздеп,.. қарттардан кешірім сұрап» қалаға, қалалардың маңайына ағылуға мәжбүр. Басты себептері жоғарыда айтылды. Жұмыс жоқтықтан азбайық деген елдің ашқан есігінен жұмыс табылатынына сеніп, қала маңына яки қалаға үдере көшуден басқа амалы жоқ.
Бейбіт Мекеев