Сыбайлас жемқорлық — қоғамның тұрақты дамуына, мемлекеттік басқарудың тиімділігіне және азаматтардың мемлекетке деген сеніміне кері әсер ететін өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан оның алдын алу және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру — мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі қағидаттарының қатарында заңдылық, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы, жариялылық пен ашықтық, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын басым қолдану белгіленген.
Кеген ауылдық округі әкімдігі тарапынан да бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты назарда. Ең басты мақсат — мемлекеттік қызмет көрсету барысында заң талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету, азаматтардың өтініштері мен мәселелерін әділ әрі ашық қарау, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі — мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігі. Бүгінде цифрландырудың дамуы азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер арасындағы тікелей байланысты азайтып, қызмет көрсету үдерісін барынша ашық жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметші халықпен жұмыс барысында әдеп нормаларын сақтап, әр азаматқа бірдей және әділ көзқарас танытуы тиіс. Мемлекеттік қызмет туралы заңнамада да мемлекеттік қызметшінің қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуі және азаматтарға ақпарат беруден негізсіз бас тартуға жол бермеуі көзделген. Сонымен қатар мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл жасауға және белгілі болған құқықбұзушылықтар туралы хабарлауға міндетті.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек жазалау шараларымен шектелмеуі қажет. Ең тиімді жолы — оның туындауына мүмкіндік беретін себептер мен жағдайларды ерте кезеңде анықтап, жою. Осы бағытта қызметтік міндеттерді нақты орындау, шешім қабылдау кезінде заң талаптарын басшылыққа алу, мүдделер қақтығысына жол бермеу және мемлекеттік ресурстарды мақсатсыз пайдалануға жол бермеу маңызды.
Әсіресе жергілікті атқарушы орган үшін халықпен тікелей жұмыс істеу барысында адалдық пен ашықтық қағидаттарын сақтау ерекше мәнге ие. Себебі ауылдық округ әкімдігі тұрғындардың күнделікті мәселелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Әрбір өтінішке жауапкершілікпен қарау, мәселені заң аясында шешу және азаматтардың құқықтарын құрметтеу — мемлекеттік қызметшінің басты міндеттерінің бірі.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық фактілеріне куә болған азаматтардың бейжай қалмауы маңызды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес дайындалып жатқан, жасалып жатқан немесе жасалған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық туралы ақпаратқа ие тұлғалар тиісті басшылыққа немесе уәкілетті мемлекеттік органдарға хабарлай алады.
Біз үшін адалдық — тек қызметтік талап емес, күнделікті жұмысымыздың басты қағидаты болуы тиіс. Мемлекеттік қызметші халықтың сенімін ақтап, өзіне жүктелген міндетті сапалы әрі заң талаптарына сәйкес орындағанда ғана мемлекеттік басқарудың беделі артады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет отбасыдан, мектептен, еңбек ұжымынан және әр азаматтың жеке ұстанымынан қалыптасады. «Парасаттылық», «Адалдық», «Әділдік» ұғымдары қоғамның берік құндылығына айналған жағдайда ғана сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.
Сондықтан Кеген ауылдық округі әкімдігі алдағы уақытта да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.
Адал қызмет — халыққа деген құрмет.
Заңға бағыну — әр азаматтың міндеті.
Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құру —баршамызға ортақ жауапкершілік.
Еркебұлан НҰРҚАЛИЕВ,
Кеген ауылдық округі әкімінің орынбасары