Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / «Әділет» партиясы Алматы облысында 1 мыңнан астам баланы оқу құралдарымен қамтамасыз етті

«Әділет» партиясы Алматы облысында 1 мыңнан астам баланы оқу құралдарымен қамтамасыз етті

16 қаралым

Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірдегі оқушыларға мектеп формасы, рюкзактар мен кеңсе тауарлары табысталды

Алматы облысында «Әділет» партиясының «Мектепке нық қадаммен» акциясы өтіп жатыр. Бүгінге дейін қайырымдылық шарасы аясында 1 мыңнан астам бала мектепке қажетті заттармен қамтылды.

Акция облыстың қала және аудандарын қамтыды. Оған партия мүшелері, бастауыш партия ұйымдары, кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорындар атсалысып, жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға мектеп формасы, рюкзактар, оқулықтар мен кеңсе тауарларын табыстады.

Партияның Алматы облыстық филиалының төрағасы Данияр Қасқарауовтың айтуынша, акциядағы басты міндет – балалардың жаңа оқу жылына қажетті заттармен қамтылуына қолдау көрсету.

«Балалардың лайықты білім алуына жағдай жасау – Әділет партиясының басты міндеті. Бүгінге дейін 1 мыңнан астам оқушыға оқулықтар, рюкзактар мен кеңсе тауарлары берілді», – деді Данияр Қасқарауов.

Акция аясындағы кезекті шара Қонаев қаласында өтті. Мұнда Данияр Қасқарауов, Дәулет Сыдық және Нұрлан Түймелиев 50-ден астам балаға мектепке қажетті жабдықтарды табыстады.

Ұйымдастырушылар мұндай көмектің жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналардың шығынын азайтып, қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларын мектепке дайындауға бағытталғанын атап өтті.

«Бұл акция арқылы біз әр баланың оқу жылын жақсы бастауы үшін жағдай жасауға тырысамыз. Білім алу – әр баланың құқығы, ал біз үшін олардың оқуға деген ұмтылысын қолдау маңызды. Сондықтан бұл шараны жыл сайын өткізіп, қоғамның көмекке дайын екендігін көрсетіп келеміз», – деді Дәулет Сыдық.

Айта кетейік, «Мектепке нық қадаммен» акциясы Алматы облысының қала және аудандарында жалғасып жатыр. Оның аясында партия мүшелері мен демеушілер әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына жаңа оқу жылына қажетті заттарды кезең-кезеңімен табыстауда.