Перейти к содержимому

Ел тілегі ескеріледі

45 қаралым

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Кеген ауданы тұрғындарымен есептік кездесу жиынын өткізді. Аймақ басшысы ең алдымен Алғабас ауылында салынып жатқан су электр стансаларының құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған инвестициялық жобаны «Kegen Hudro» ЖШС мен «Осирис-Энерго» ЖШС жүзеге асыруда.

«Стансаның жобалық қуаттылығы – 10,01 МВт. Бүгінге дейін геологиялық зерттеулер жүргізіліп, жер учаскелерін алдық. «Алатау Жарық» компаниясымен қажетті техникалық шарттар жасалды. Қазір мемлекеттік сараптамадан өтуге дайындалып жатырмыз», – деген «Kegen Hudro» ЖШС басшысы Әділет Жармұхамбет мердігер ұйым таңдалғанын, құрылыс жұмыстарын іске асыруға дайындық жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ «Қазархеология» ЖШС қызметкері Жұман Смайылов сол маңдағы қорымдарды қорғау жұмыстарына тоқталды. Марат Сұлтанғазиев  оларды мұқият тыңдап, қолға алған істерінің нәтижелі болуына тілектестік білдірді.

Облыс әкімі бұдан кейін Алғабас ауылындағы бастауыш мектептің құрылыс барысымен танысты.

– Ғимараттың сапалы материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілуі аса маңызды. Бұл білім ошағы демеушінің қаражаты есебінен бой көтеріп жатыр. Сондықтан мектеп тек оқушылардың сапалы білім алуына ғана емес, ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне де мүмкіндік беретін орталыққа айналуы қажет, – деді облыс әкімі Марат Елеусізұлы.

Өз кезегінде «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорының құрылтайшысы, жоба демеушісі Жандос Тұрысбай құрылыс жұмыстарының белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Болашақта бұл бастауыш мектепте 100 оқушы білім алады. Біз үшін ең басты талап – құрылыс сапасы мен балалардың қауіпсіздігі. Сондықтан қолға алған жұмысты талапқа сай орындауға басымдық береміз, – деді ол.

Алғабас ауылында салынып жатқан әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арналған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары да аймақ басшысының назарынан тыс қалмады. Марат Сұлтанғазиев ауыл шаруашылығы техникалары көрмесін де тамашалап, жергілікті кәсіпкерлердің өнімдеріне оң бағасын берді.

Бұдан кейін Алғабас ауылындағы Мәдениет үйінде аймақ басшысының Кеген ауданы тұрғындарымен есептік кездесуі өтті. Жиынға облыстық басқарма басшылары, облыстық, аудандық прокурорлар, ішкі істер органдарының қызметкерлері, аудандық бөлім басшылары, ауылдық округтердің әкімдері мен өңір тұрғындары қатысты. Кеңесті облыстық мәслихат депутаты Болатжан Нұрбеков жүргізіп отырды.

 Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен алдағы атқарылатын жұмыстар туралы аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұхтар Батырханұлының баяндамасы тыңдалды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев  аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы сөз қозғады.

  • Кеген ауданы бойынша барлығы 193 проблемалық мәселе енгізілген. 87 мәселе шешімін табуына байланысты Жол картасынан алынып тасталды. Биыл жыл соңына дейін 39 мәселе шешімін табатын болады. Мақсатымыз – өңірлерді дамыту, кәсіпкерлік пен инвестицияны қолдау және азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру. Осы міндеттердің барлығы аудан мен ауылдарда нақты нәтижеге айналуы тиіс, – деген облыс әкімі денсаулық, білім, мәдениет, әлеумет және құқық саласы бойынша атқарылған жұмыстарды да саралады.

 Марат Елеусізұлы  күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Денсаулық саласындағы олқылықтар жөнінде қоғамдық кеңес мүшесі Мақпал Тұрсынқызы өз пікірін білдірсе, Қарабұлақ ауылының тұрғыны Серік Мәсімбаев суармалы жерлерге су жеткізу ұсынысын жеткізді. Ұзынбұлақ ауылының тұрғыны Ұлан Нұрақынов ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмысы қажет екенін айтты. Алғабас ауылының тұрғыны Бижамал Құрманғалиқызы Шелек өзенінің арнасын нығайту, жалағаштық Болат Аумолдаев Шет Меркі тас жолында нөсер жаңбыр жауғанда тас құлауы жиілейтінін, сондықтан қауіптің алдын алу мақсатында бекіту және селден қорғау жұмыстарын жүргізуге ықпал етуін сұрады. Дәулет Алпысбаев Жіңішке ауылында интернет желісінің сапасы төмен екендігін, Жіңішке – Бартоғай арасындағы 15 шақырым жол талапқа сай емес екенін жеткізсе, аудандық мәслихат депутаты Ерғали Тәліпов Алғабас, Саты, Ақай Нүсіпбеков ауылдарында «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасымен өрт сөндіру бекеттері салынғандығын, осы аталған бекеттерге штаттық бірлік қажет екенін алға тартты.

          Қойылған сұрақтарға облыс әкімі Марат Елеусізұлы мен тиісті сала мамандар жауап беріп, азаматтардың талап-тілектері ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

Кеген сапарында осындай ой түйген облыс әкімі Марат Елеусізұлы:

 – Мақсатымыз – өңірлерде табыс көзін арттыру. Кегенде мал шаруашылығын дамытуға арналған мүмкіндіктер бар. Сондықтан нәтижеге қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс атқаруымыз қажет. Шекаралық аумақтарда орналасқан аудан халқының тыныс-тіршілігі біз үшін өте маңызды. Шаруалармен кездестік, күзгі науқан жөнінде пікір алмастық. Іссапар нәтижелі болды деп ойлаймын, – деп сөзін қорытындылаған облыс басшысы жұмыс сапарын қорытындылады, аудан тұрғындарына алғысын білдірді.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы