Перейти к содержимому

Өркендеген Қарадала

23 қаралым

Өрік өлкесі атанып отырған Қарадала аймағының жылдан-жалға өндірісі өркендеп, кәсіпорыны көш ілгері басып келеді. Бой көтеріп жатқан жаңа спорт кешендері де, кәсіпкерлік нысандар да, жаңарған мектеп, балабақша да – соның айқан дәлелі. Осындай оңды өзгерістердің куәсі болуға күні кеше Қарадалаға Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев арнайы ат басын бұрып, халықпен кездесіп, бірқатар нысандарды аралап көрді. Шонжы ауылындағы Жаңабай Құдайбергенов атындағы мектеп ғимаратында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің аудан тұрғындарымен кездесуінде ине шаншар орын болмады. Облыс басшысы келді дегенді естіген алыс-жақын ауыл тұрғындары өздерінің назын айтып, ұсыныстарын білдіруге арнайы келген. Ең әуелі ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыты турасында баяндама жасаған аудан әкімнің міндетін атарушы Самат Жүмәділ Ұйғыр ауданында 2026 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша экономиканың негізгі салаларында оң динамика қалыптасқанын жеткізді. Баяндамашының мәліметтеріне арқа сүйесек, бұл жылы ауданда ауылшаруашылығы саласы қарқынды дамыған. Жыл басынан бері аграрлық секторда 36,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Биыл егістік алқабы 27,4 мың гектарға жетіп, 14,1 пайызға ұлғайды.

Дәндік жүгері алқабы 9 080 гектарға жеткен. Ауданда суды тиімді пайдалану мәселесіне де басымдық берілуде. Соңғы екі жылда 5 250 гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті одан әрі арттыру көзделген.

Ауданда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға да ерекше мән беріліп отыр. Биыл жалпы құны 60,4 млрд теңгені құрайтын алты жоба платформаға енгізіліп, нәтижесінде мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар жоба іске асуда. Қалжат, Қырғызсай және Шонжы ауылдарында ауыз су жүйелері жаңғыртылуда. Шонжы, Шарын, Бахар және Тасқарасу ауылдары толық газдандырылған. Биыл жеті елді мекенде 33 шақырым жол жөнделуде.

Әлеуметтік салада дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасып, аудандық ауруханада күрделі жөндеу жүргізілуде. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында бес ауылдағы медициналық нысанның құрылысы аяқталды. Осындай ауыз толтырып айтарлық жетістіктерімен бөліскен Самат Шайытханұлы алдағы жоспарларды да жіпке тізді. «Алдағы міндетіміз – инвестиция тартуды жалғастыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту және жол, су, газ секілді инфрақұрылым мәселелерін кезең-кезеңімен шешу. Барлық жұмыс тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталады. Ауданымыздың тазалығы мен тыныштығын сақтау да ортақ міндетіміз», – деді аудан әкімінің міндетін атқарушы.

Мұнан соң Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы облыс деңгейіндегі атқарылған жұмыстар легіне тоқталды. Жетістіктермен қоса Марат Елеусізұлы Ұйғыр ауданының облыстағы өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі небәрі 0,9 пайыз ғана екенін сынға алып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Мемлекеттік бағдарламалардың да орындалуы төмен деңгейде екенін айтты аймақ басшысы. Осындай жетістік пен олқылықтар қатар сараланған облыс басшысының баяндамасынан соң аудан тұрғындары бірқатар сауалдарын жолдап, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Атап айтқан Шонжы ауылының тұрғыны аудан орталығындағы кәріз жүйесінің сонау 1960 жылдары салынып, бүгінде тозығы жетіп тұрғанын айтса, Сүмбе ауылының тұрғыны ауыл арасындағы көпірдің апатты жағдайда екенін айтып, жанайқайын жеткізді. Ауылды бөліп тұрған бұл көпір – оқушылар мен тұрғындар қатынайтын жалғыз жол. Мұнан басқа ауылдардағы жол мәселесі мен тоспа, жастарға жер беру мәселелері де облыс әкімінің назарын аудартты. Әр сауалға мұқият жауап берген аймақ басшысы тиісті мекемелерге тез арада жұмыс істеп, нақты жауапты тұрғындарға беруді тапсырды. Тұрғындармеен кездесуден бөлек Марат Елеусізұлы аудандағы бірқатар насандарды аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты. Алғашқы нысан Рахат ауылындағы «СПК BIG FISH» ЖШС-ы болды. Ксіпкер Еділ Мысақұлов өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 14 миллион теңге көлемінде несие алып, канал бойында шабақ өсіруді бастаған. Нәтижесінде 80 тонна форель мен бекіре өсірсе, биыл бұл көрсеткішті 150 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Кәсіпкердің жоспары мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта шаруашылыққа 4 миллиард теңге инвестиция салып, өндіріс қуатын бірнеше есеге арттыру көзделген.

Шаруашылықтың жұмысымен танысқан Марат Елеусізұлы балық өсірудің бұл тәсілін өзге өңірлерде де қолдануға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Әсіресе облыстағы кейбір су арналарының мүмкіндігін тиімді пайдаланып, осындай жобаларды жүзеге асырудың маңызы зор. Осыған байланысты бірқатар басқарма басшыларына жобаны облыстың басқа аудандарында іске асыру мүмкіндігін пысықтауды тапсырды.

Қарадалада бой көтеріп жатқан жаңа өндіріс орындарының бірі – «ТұздыБасТау» ЖШС. Бұл – натрий сульфатын өңдейтін зауыт. Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыратын бұл жобаға 8,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Жылына 24 мың тонна натрий сульфатын өндіруге қауқарлы кәсіпорын іске қосылғанда 110 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Құрылыс жұмыстары да аяқталуға жақын. Жоспар бойынша ірі өндіріс орны қыркүйек айында жұмысын бастайды.

Тұрмыстың түрлі саласында пайдаланылатын натрий сульфатын еліміз шетелден сатып алады екен. Шамамен 100 мың тоннаға дейін сұраныс бар бізде. Міне, осы қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында ашылған зауыт шикізатты да көрші Кеген ауданынан алады екен. Демек, мұнда жергілікті ресурстарды пйадалану арқылы зауыт жұмысын жандандыру көзделіп отыр. Зауыт жұмысымен танысқан Марат Елеусізұлы оң бағасын беріп, мұндай жобалар ауылдық жерлерде жаңа кәсіптің қалыптасуына, халықтың еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауға ықпал ететінін айтып өтті. Облыс әкімі Марат Елеусізұлы жұмыс сапары барысында бірнеше жылдан бері дауы кетпеген Шонжы ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен арнайы танысты. Аталған кешеннің 2020 жылы бір блогы құлап, құрылыс жұмыстары тоқтатылған болатын. Содан бері сот процессі жүріп, кінәлілер анықталып, жұмыс бірнеше жылға тоқтап қалған. Өткен жылдан бастап, қайта қолға алынған кешен құрылысы бүгінге аяқталуға шақ қалды. Кешен құрылысына мемлекеттен 1 млрд 625 млн теңге бөлініп, мердігер ретінде «АГС-Пласт» ЖШС белгіленді. Құрылыс алаңын аралаған облыс әкімі жұмыс сапасына ерекше назар аударды. Мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар қатаң ескертулер жасап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына салғырт қарамауды тапсырды. Әсіресе, бұған дейінгі жағдай ескеріліп, әрбір құрылыс кезеңі белгіленген талаптарға сай орындалуы қажеттігін атап өтті.

Облыс әкімі Марат Елеусізов Шонжы ауылына жұмыс сапары барысында «COMPASS» жанар-жағармай станциясының құрылыс алаңына да арнайы барып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Нысан қызметкерлері облыс басшысына станцияда көрсетілетін қызмет түрлері мен алдағы жұмыс жоспарларын таныстырды.Нысанның 50 млн теңгелік құрылыс жұмыстарын бүгінде «RIZAR Energy» ЖШС жүргізіп жатыр. 2 гектар аумақты алып жатқан нысанда ғимараттың көлемі 900 шаршы метрді құрамақ. 60-қа жуық адамды жұмыспен қамтитын жанармай бекетін осы жылы ашу көзделіп отыр. Облыс әкімі нысанды аралау кезінде құрылыс жұмыстарының сапасына да назар аударды. Жобаның белгіленген мерзімде аяқталып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуі маңызды екенін айтты.

Осы жылы Шошанай ауыдында кәсіпкерлердің қолдауымен спорт кешенінің құүрылыс жұмыстары басталған болатын. Міне, күні кеше осы нысан есігін айқара ашты. Спорт кешенінің салатанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен бірге қазақ спортында өз орны бар көрнекті тұлға, Олимпиада ойындарының жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, Бокстан Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ыбырайымов, Қазақ күресінен әлем жеңімпазы, «Қазақстан Барысы» турнирінің жүлдегері Руслан Әбдіразақов, Грек-рим күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қорлан Жақанша, UFC жауынгері Шавкат Рахмонов сынды спорт саңлақтары арнайы қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті.Жаңа спорт кешені «Ұлағатты Ұрпақ» қайырымдылық қорының бастамасымен бой көтеріп, құрылыс жұмыстарын «KZ – Maqsat» ЖШС жүргізді. Жалпы аумағы 500 шаршы метр болатын нысанға 300 млн теңге инвестиция тартылды. Бұл тұста ауыл азаматтары да қарап жатпады. Барынша қол ұшын созып, қолдау білдірді. Осылайша елдің бірлігі мен татулығы арқасында бойы көтерген спорт кешеніне келген қонақтар сөз алып, сый-сияпаттарын да табыстады. Әсіресе ұлы тұлғалардың ел ішіне келуі жас спортшыларға үлкен рух беріп, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыра түсті.

Жаңа кешен – жай ғана спорт нысаны емес, ауыл жастарының болашағына салынған инвестиция. Мұнда балалар мен жастар жаттығып қана қоймай, түрлі жарыстарға қатысып, өз қабілеттерін шыңдай алады. Бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға жол ашатын нысан ауыл өміріне жаңа серпін бермек.

Анар Дүйсенбайқызы