Перейти к содержимому

Адалдық – қоғамның басты құндылығы

18 қаралым

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның тұрақты дамуына, мемлекеттік басқарудың тиімділігіне және азаматтардың мемлекетке деген сеніміне кері әсер ететін күрделі әлеуметтік құбылыс. Сондықтан онымен күресу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыру, оның туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтап, алдын алу. Бұл бағытта заңдылық, жариялылық пен ашықтық, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, алдын алу шараларының басымдығы сияқты маңызды қағидаттар басшылыққа алынады.

Осы бағытты алға қоя отырып, Кеген аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасы 2025 жылдың 08 желтоқсанында №81-н бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттік қазынашылық комитетi Алматы облысы бойынша Мемлекеттік қазынашылық департаментiнiң Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарына» сай жұмыс атқаруда.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда әр адамның құқықтық сауаттылығы мен азаматтық жауапкершілігі маңызды. Пара беру немесе алу ғана емес, қызметтік өкілеттікті жеке пайдасына пайдалану, мүдделер қақтығысын жасыру, қызметтік мүмкіндіктерді өзіне немесе басқа тұлғаларға заңсыз артықшылық беру үшін пайдалану да қоғамға үлкен зиян келтіреді.

Мемлекеттік қызметші үшін адалдық пен жауапкершілік – кәсіби міндеттің ажырамас бөлігі. Мемлекеттік қызмет халықтың сеніміне негізделеді. Сондықтан әрбір қызметкер өз міндетін заң талаптарына сәйкес орындап, шешім қабылдау кезінде жеке мүддеден емес, мемлекет пен азаматтардың мүддесінен шығуы тиіс.

Бүгінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын ала анықтау мен жоюға ерекше көңіл бөлінуде. Ұйымдардың қызметіне ішкі талдау жүргізу арқылы құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелер зерделеніп, жемқорлыққа жағдай туғызуы мүмкін тұстарды азайту көзделеді. 2026 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға да маңызды өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, 2026 жылғы 12 маусымдағы №311-VIII Заңда пара алу мен пара беру ғана емес, пара беруге уәде ету, ұсыну немесе пара талап ету мәселелеріне қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейту көзделген. Алайда заңның күшеюі ғана жеткіліксіз. Сыбайлас жемқорлықты түбегейлі азайту үшін қоғамда адалдықты, әділдікті және жауапкешілікті күнделікті өмір салтына айналдыру қажет. «Өзімнен бастаймын» деген қарапайым ұстаным үлкен өзгерістердің бастауы бола алады.

Әр азамат заңды құрметтеп, пара беруге де, пара алуға да жол бермей, сыбайлас жемқорлық фактілеріне бейжай қарамағаны жөн. Өйткені сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Ол отбасынан, мектептен, еңбек ұжымынан және әр адамның жеке ұстанымынан басталады. Адал еңбек, әділ шешім және таза қоғам – ел болашағының берік негізі.

Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресуді бір ғана науқанның міндеті емес, күнделікті өмірдегі азаматтық жауапкершілік деп қабылдауымыз қажет. Әрқайсысымыз заңды сақтап, адалдықты таңдасақ, қоғамның да, мемлекеттің де болашағы жарқын болмақ.

 Ғайсагүл ОМАРБЕКОВА,
Кеген аудандық
мемлекеттік қазынашылық
басқармасының басшысы