Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Таза ауыл – жарқын болашақтың бастауы

Таза ауыл – жарқын болашақтың бастауы

36 қаралым

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Кеген ауданы Жылысай ауылында «Таза ауыл» экоакциясы өтті. Тазалық шарасына ауыл тұрғындары белсене қатысты.

Сенбілік барысында Жылысай ауылында көшелерді тазалау, абаттандыру және қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізіліп, жол жиектері мен қоғамдық орындар ретке келтірілді. Бұдан бөлек, ағаш түптерін әктеу, ретсіз өскен бұта мен шөптерді жинау жұмыстары атқарылды. Тазалық жұмыстарына бір техника тартылып, нәтижесінде 4 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Шарада Жылысай ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Болат Таубалдиев жылысайлықтарды республикалық экологиялық шараны ел болып қолдауға шақырды.

Тазалық – денсаулық кепілі, береке бастауы. Тазалық болған жерде құт пен ырыс бар. Сондықтан өңірімізді таза ұстайық, ластамайық, өскелең ұрпаққа үлгі болайық! Республикалық бастаманы бірге қолдайық, – деді ақсақал.

Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, табиғатты таза ұстау – әрбір азаматтың борышы. Ауладағы қоқыстарды шығару, қоқысты көшеге тастамау табиғатқа, кейін ауылдың көркеюіне қосқан бір үлес. Сондықтан айналамызды тазартып, абаттандырумен айналысайық, – деген Жылысай ауылдық округінің әкімі Руслан Масенов шараның маңыздылығына тоқталды.

Аталған шара елді мекеннің санитарлық жағдайын жақсартуға септігін тигізіп қана қоймай, тұрғындар арасында қоғамдық белменділік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлесін қосты.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы