Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Білім – интеллектуалдық ілгерілеуінің негізі

Білім – интеллектуалдық ілгерілеуінің негізі

36 қаралым

Жаңа Конституцияда білім саласына ерекше мән берілуі еліміздің болашағы білімді ұрпақпен тікелей байланысты екенін көрсетеді. Өйткені білім – жеке адам дамуының ғана емес, тұтас мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және интеллектуалдық ілгерілеуінің негізі. Ал адам капиталының қалыптасатын ең маңызды ортасы – мектеп.
Биылғы Тамыз конференциясы білім беру саласы үшін жаңа оқу жылына бағыт-бағдар беретін маңызды жиын ретінде ерекшеленді. «Адам капиталы, білім, прогресс – Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбында өткен конференцияда Мемлекет басшысының білім саласына қатысты маңызды мәселелерді көтеруі педагогтер қауымы үшін үлкен қолдау ғана емес, зор жауапкершілікті жүктейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын арттыру, орта білімнің мазмұнын заман талабына сай жаңарту, мұғалімнің кәсіби әлеуетін күшейту мәселелеріне ерекше тоқталды. Бұл – бүгінгі білім беру жүйесінің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі.
Бүгінгі оқушыға тек білім беру жеткіліксіз. Біз оның сыни ойлайтын, жауапкершілік ала білетін, еңбекқор, адал, өз елінің құндылықтарын құрметтейтін тұлға болып қалыптасуына жағдай жасауымыз қажет. Ал мұндай нәтижеге кәсіби білімі терең, үнемі ізденетін және балаға жүрегімен қарайтын ұстаз арқылы ғана қол жеткізуге болады. Сондықтан Президенттің «Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі» деген ойы әр педагог үшін үлкен маңызға ие деп есептеймін. Ұстаздың еңбегі – бүгінгі сабақтың нәтижесімен ғана емес, ертеңгі азаматтың қалыптасуымен өлшенеді.
Бізге артылған міндет – мектептің мүмкіндігін тиімді пайдаланып, жаңа буын ұстазын қалыптастырып, білімді әрі ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу. Өйткені бүгінгі мектепте қалыптасқан әрбір тұлға – ертеңгі Қазақстанның адам капиталы.

Алия АЗНАБАКИЕВА,
Ж. Қаипов атындағы орта мектептің директоры


Еңбекшіқазақ ауданы