Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ұрпақтар сабақтастығы – ұлт құндылығы

Ұрпақтар сабақтастығы – ұлт құндылығы

19 қаралым

Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында «Ардагерлер ұйымы» рес­публикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайыновтың қатысуымен «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосуға басқарма басшылары, барлық деңгейдегі ардагерлер мен аналар кеңесінің және «Алатау жастары» ұйымдарының төрағалары қатысты. Алғашқы сөз облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаевқа берілді.

– Бүгінде облыстың ардагерлері ел бірлігін нығайтуға, қоғамдық келісімді сақтауға, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге және жастар тәрбиесіне белсенді атсалысып келеді. Атап айтқанда, жыл сайын өтетін «Қымызмұрындық» мерекесі, «Мерейлі отбасы» байқауы, батагөйлер сайысы, аналар мен жастар арасында кездесулер және түрлі мәдени-танымдық шаралар – осы белсенділіктің нақты көрінісі. 300-ден астам бастауыш ұйымы жұмыс істейтін, 150 мыңнан астам адамды біріктіріп отырған облыстық ардагерлер ұйымымен тұрақты байланыстамыз. Өңірдің өзекті мәселелерін талқылауда олардың пікіріне, тәжірибесі мен ұсыныстарына әрдайым сүйенеміз. Аға буынның әлеуметтік жағдайын жақсарту, денсаулығын нығайту және бос уақытын тиімді ұйымдастыру да назардан тыс қалмайды. Өткеннің тағылымы мен бүгінгі жастардың талпынысы тоғысқанда ғана шынайы ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады, – деген Әсет Дүйсебекұлы ардагерлердің «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын орнықтыруға, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қосар үлесі де зор деп санайтынын, отбасы құндылықтарын, ұлттық дәстүр мен қоғамдық келісімді нығайтуда аналар кеңесінің өзіндік орны бар екенін жеткізді.
Келесі кезекте «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайынов сөз алып, қазіргі кезде ардагерлер ұйымдарының алдында жастарға аға буынның өмірлік тәжірибесін жеткізу, отбасылық және адамгершілік құндылықтарды нығайту, патриотизм мен тарихи жадыны сақтау міндеттері тұрғанын атап өтті. Сонымен бірге барлық өңірде ардагерлер ұйымы тарапынан орасан жұмыс атқарылғанымен, олардың қызметі туралы толық ақпараттандырылмай отырғанына қатысушылардың назарын аударды. Facebook, Instagram, Telegram секілді әлеуметтік желілерді дамытуға назар аудару уақыт талабы екенін, ардагерлердің бұл бағытта заман ағымынан қалмай, өскелең ұрпаққа үлгі болуы керегін қаперге салды.
– Біз тек атқарған жұмысымыз туралы есеп беріп қана қоймауымыз керек. Біздің міндетіміз – әлеуметтік желілерді тәрбие, тағылым және тәжірибе алмасу құралы ретінде пайдалану. Қазір әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдармен қатар, жағымсыз дүниелердің де өте көп екенін де көріп отырсыздар. Бұл білім, мәдениет, дін сияқты бағыттарға қатысты. Осы мәселелердің барлығында ақсақалдар көшбасшы, бағыт-бағдар беруші болуы тиіс, – деді Әбілғазы Қалиақпарұлы.
Алдағы бірлескен жұмыстың нақты бағыттары айқындалған дөңгелек үстел барысында Қарасай аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов, «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлтусын Бархинова, Шелек ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Әбілбек Айтақынов, «Алатау ардагері» газетінің бас редакторы Роза Айдарбекова, «Алатау жастары» ұйымының төрағасы Нұрсұлтан Орынбасаров ой-пікірлерін ортаға салды. Баяндамашылар ардагерлердің жастармен өзара іс-қимылына, аға буынның өмірлік тәжірибесін және бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық белсенділіктің үлгілерін таратудағы рөліне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ардагерлердің жаңа бастамаларын дамыту және жастар ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде ұсыныстар айтылып, басқа да маңызды мәселелер көтерілді. Басқосу соңында бірқатар азамат «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің «Құрмет белгісі» төсбелгісі және облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Өңірге жұмыс сапарымен келген елордалық мейманның облыс орталығындағы келесі кездесуі қалалық Мәдениет үйінде өз жалғасын тапты. Барлық қала мен аудандардан келген аға буын өкілдерімен жүздескен Әбілғазы Құсайынов жастардың түрлі салада бағындырған белестеріне бүкіл әлем тамсанып отырғанын атап өтті. Димаш Құдайберген секілді жастардың дүниежүзі танитынын, отандастарымыз оларды әрқашан мақтан тұтатынын айтты. Ізгі мақсаттарды жүзеге асыру үшін орталық кеңесте әзірленіп, барлық аймаққа жіберіліп, қазірде белсенді талқыланып жатқан ардагерлер ұйымдары қызметінің жеті негізгі бағытын таныстырды. Сонымен бірге жастарды тәрбиелеуге, табиғат пен туған жер тазалығына бейжай қарамауға ерекше назар аударды. Ардагерлер мен жастардың өзара байланысын күшейту мәселесіне ерекше мән берді. Сонымен қатар соңғы жылдары елімізде ауқымды тарихи өзгерістер орын алғанын, бүкілхалықтық референдум арқылы жаңа Конституция қабылданып, жақында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды құжаттарға қол қойылғанын, соның ішінде мемлекет пен халық арасындағы басты қоғамдық алтын көпірге айналатын, заңнамалық бастама құқығы бар Халық Кеңесінің құрамына ардагерлер ұйымдары да кіретінін хабардар етті. Қазіргі уақытта аймақтық филиалдар арқылы еліміздің ардагерлеріне қатысты шешімін таппаған өзекті мәселелер жинақталып, талдану үстінде екенін, бұл жұмыс аяқталғаннан кейін қордаланған мәселелерді шешу үшін өздерінің жарғысына өзгерістер енгізілетінін жеткізді. Қажет болған жағдайда Халық Кеңесі арқылы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастамашылық жасалатын да айтты.
Келелі жиын елімізге танымал эстрада жұлдыздары қатысқан концерттік бағдарламаға ұласты.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

Қонаев қаласы