Биылғы оқу жылының басты жаңалығы – жаңа пәндердің енгізілуі. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Жасыл мектеп» пилоттық жобасы басталады. Бұл – тек сенбілік өткізу емес, экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді жоба. Сондай-ақ табиғатты қорғау тақырыптары оқу үдерісіне кіріктіріледі.
Балалардың құқықтық мәдениетін ерте жастан қалыптастыру мақсатында 5-7-сыныптарда Конституция негіздері пәні оқытылады. Бұл пәнде оқушылар Конституцияның негізгі қағидаларын, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін, мемлекеттік басқару жүйесін, заңға құрмет мәдениетін меңгереді. 8-11-сыныптар «Заң және тәртіп» сабағында білім алушылар құқықбұзушылықтың салдарын, азаматтық жауапкершілікті, заң алдындағы міндеттерді, қоғамдағы тәртіптің маңызын оқиды. Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген жеке қауіпсіздік курсы балаларға төтенше жағдайларда әрекет ету, интернет қауіпсіздігі, көшедегі қауіпсіздік, алғашқы көмек, күмәнді адамдармен қарым-қатынас жасау ережелерін үйретеді.
Биыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында AI технологияларын білім беру жүйесіне енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа оқу жылынан бастап цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект пәнінің үлгілік оқу бағдарламасы енгізіліп, оқушылар жас ерекшеліктеріне қарай жасанды интеллект негіздерімен танысады. Министрлік мектептерде AI технологияларын қолданудың бірнеше бағытын жоспарлап отыр. Оның ішінде оқу материалын бейімдеу, оқушыларға жеке қолдау көрсету және оқу нәтижелерін талдау сияқты мүмкіндіктер қарастырылған.
«Адал азамат» бағдарламасы да жаңарып, енді мектептерде тәрбие тек мерекелік іс-шаралар өткізумен шектелмейді. Мектеп ұжымы ғана емес, ата-аналар, мемлекеттік органдар және қоғам өкілдері де қатысатын аталған бағдарлама арқылы патриотизм, еңбекқорлық, әділдік, жауапкершілік,
заңға құрмет, ұлттық құндылықтар оқу процесінің ажырамас бөлігіне айналады. «Заң мен тәртіп», «Еңбек адамы» және «Таза Қазақстан» қағидаттары оқу процесіне кіріктіріледі. Бұл ретте еңбекке баулу, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру, цифрлық этиканы дамыту және мектепте қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Жаңа оқу жылындағы тағы бір өзгеріс – бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілдерінің жаңартылуы. Министрлік оқу жүктемесін оңтайландыруды жоспарлап отыр. Осы орайда математика пәніндегі оқу мақсаттары қайта қаралып, баланың жас ерекшелігіне сәйкес келмейтін кейбір тақырыптар қысқартылады. «Әліппе» мен «Ана тілі» пәндеріне бөлінетін уақыт ұлғайтылады. Бірінші сыныпқа жаңадан келген балалар үшін бейімделу кезеңі де ескеріледі.
Осы орайда бөлім бойынша жиынтық бағалау, тоқсан бойынша жиынтық бағалау алынып тасталды. Күнделікті бағалаудың рөлі күшейтіліп, диктант, мазмұндама, шығарма, жоба, ауызша және практикалық жұмыс секілді бағалау әдістерін мұғалім өзі таңдап, аралық бақылау формасы ретінде жүзеге асырылмақ.
Жаңа оқу жылында педагогтердің құқықтық мәртебесіне қатысты да өзгерістер бар. Ендігі жерде мектептен тыс жерде оқушы үшін педагог жауап бермейтін болады. Ата-аналар баланың өміріне, денсаулығына, қауіпсіздігіне тікелей жауап береді. Бұл өзгерістер ата-ананың тәрбиедегі рөлін күшейтетіні анық. Сондай-ақ білім ордасында телефон пайдалану тәртібі де өзгереді. Алдағы уақытта қандай жағдайда тыйым салынатыны немесе рұқсат етілетіні жайлы Оқу-ағарту министрлігі арнайы қағидаларды бекітеді.
Тағы бір маңызды жаңалықтың бірі – республикалық және өңірлік олимпиада, ғылыми жоба, шығармашылық байқау, кәсіби шеберлік сайыстарының жеңімпаздары халықаралық жарыстарға қатысу үшін мемлекеттік қолдауға ие болуы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оқу-ағарту министрлігінің бастамалары аясында жүзеге асатын жаңа оқу жылындағы аталған өзгерістердің мектепте құқықтық мәдениет, қауіпсіздік пен экологиялық тәрбиеге басымдық беретіні даусыз.
Күнтуар Бақтыбайұлы