Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Құмай тазы салу дәстүрі қайта өрістеп келеді

Құмай тазы салу дәстүрі қайта өрістеп келеді

92 қаралым

Ел  Үкіметінің   15 сәуірдегі қаулысына сәйкес, енді жыл сайын 3 қыркүйекте Қазақ тазысы мен төбеті күнін ресми түрде атап өту туралы шешім қабылданған болатын. Бұл бастама – ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен дәстүрлі ит тұқымдарын сақтауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Бүгін елімізде алғаш рет Қазақ тазысы мен төбеті күні аталып өтіп жатыр. Ұлттық ит тұқымдарына арналған бұл атаулы күн – халқымыздың ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи мұрасын ұлықтап, төл мәдениетіміздің бір бөлшегін кеңінен дәріптеуге мүмкіндік беретін маңызды бастама. Бүгінде ұлттық тұқымдарды сақтау, олардың санын арттыру және халықаралық деңгейде танытуға айрықша мән беріліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүйелі түрде жүзеге асуда.

Бүгінде елімізде асыл тұқымды тазыларды көбейтуге, олардың генетикалық қорын сақтауға және тұқым ерекшеліктерін жүйелі түрде зерттеуге басымдық берілуде. Тазы асыраушылардың қатары да жыл санап артып келеді. Облысымызда да жетіқазының бірін жете бағалайтындардың қатары көбейіп келеді.

«Қазір Алматы облысында  жүргізілген тазы тұқымын көбейту және сонымен бір мезгілде заңнамалық деңгейдегі қорғау тетіктерінің қалыптасуына негіз қалауға күш салып жатырмыз. Осыған дейін  демеушілердің  көмегімен  облыстық және республикалық сайыс өткізіп келеміз. Барған сайын жарыс ауқымы кеңейе түсуде. Тіпті Қырғызстаннан  келіп қатысатын саятшылар да бар. Әрине, мұндай бастамалардың қай-қайсысы да ұлттық мұрамызды сақтауға қызмет етеді. Бүгінде ат үстінде өсіп, аңға құмай тазы салуды дәстүрге айналдыру қайта өрістеп келеді. Қазір аймақта екі жүзге жуық  тазы бар.  Біздің облыста құмай тазы өсіруде Іле, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандары алда келеді. Біз аймақтық деңгейде тазы мен төбетті сан жағынан көбейтуге ғана емес, сапа жағынан жүйелеуге де күш салып жатырмыз. Өскелең ұрпаққа осы құндылықты таныту – басты мақсатымыз. Бірақ, бұл оңай шаруа емес. Демеушілерді өзіміз іздейміз. Бізге толыққанды қолдау жоқ. Ұлттық мұраны түсінетін кәсіпкерлеріміз бар. Солардың арқасында біраз іс алға жылжып келеді. Алайда мұндай бірлі-жарым қолдау жеткіліксіз. Егер жастардың қызығушылығын арттырып, тазы мен төбетті сақтау ісін кең көлемде жүргіземіз десек – жүйелі қаржыландыру қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тазыны халықаралық деңгейде насихаттау қажет екенін атап өтті. Осы бастама бізге серпін берді. Қазір арнайы мамандар тазыны ғылыми тұрғыда толық зерттеп жатыр. Бұл – тазыға деген мемлекеттік деңгейдегі көзқарастың айғағы әрі ұлт үшін еңбек деп білемін.  Егер біз тазы тұқымын шынымен сақтап қаламыз десек, инфрақұрылымдық жағдайды реттеуіміз керек. Арнайы жаттығу алаңдары, көрме павильондары, ветеринарлық пункттер қажет. Дегенмен заңнамалық база қалыптасып келеді. Бірақ, бұл – тек бір бағыт. Ал бізге тәрбие, білім, инфрақұрылым және қаржылық қолдау қатар керек. Сонда ғана қазақы тазы мен төбетті келешекке аман жеткізе аламыз »,– дейді «Асыл мұра» облыстық тазы федерациясының президенті Ернар Мүптекеев. 2021 жылы  ЮНЕСКО   әлемдік  материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізді.  Біз үшін құмай тазысыз саяткерліктің сәнін елестету мүмкін емес. Сондықтан да ата кәсіп пен саятшылық дәстүрін, табиғатпен үндескен ұлттық дүниетанымды ұрпақ санасында жаңғыртатын күн жақындап келеді деп сенеміз.

Ерзат АСЫЛ