Перейти к содержимому

БАЛА ӨМІРІ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

50 қаралым

Іле ауданында жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен психологиялық саулығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және психологиялық саулығын сақтау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осыған орай Іле ауданында кәмелетке толмағандар арасында суицидтің, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, құқық бұзушылыққа жол бермеу және қиын жағдайға тап болған балаларға дер кезінде психологиялық қолдау көрсету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі таңда Іле ауданында 44 мемлекеттік және 14 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Аталған білім беру ұйымдарында оқушылардың психологиялық жағдайын бақылау, әлеуметтік-психологиялық қолдауды қажет ететін балаларды ерте анықтау және олармен профилактикалық жұмыстар жүргізу жолға қойылған. Бұл бағытта мектеп әкімшілігі, педагог-психологтер, әлеуметтік педагогтер, сынып жетекшілері және ата-аналар өзара байланыста жұмыс атқарады.

Бүгінгі таңда аудан бойынша психологиялық мониторинг нәтижесінде 545 оқушы «қызыл аймақта» тұр. Аталған оқушыларға ерекше назар аударылып, әрқайсысының жағдайы жеке зерделенуде. Баланың психологиялық жай-күйіне әсер ететін факторлар анықталып, қажет болған жағдайда ата-аналармен және тиісті мамандармен бірлескен жұмыстар ұйымдастырылады.

Жаңа оқу жылынан бастап осы бағыттағы профилактикалық жұмыстарды күшейту жоспарланып отыр. Іле ауданының прокуратурасы және полиция басқармасымен бірлесіп, ауданның барлық мектептерінде ашық сабақтар өткізіледі. Кездесулер барысында оқушыларға құқықтық сауаттылық, қауіпсіз мінез-құлық, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, құқықтық жауапкершілік және қиын жағдай туындаған кезде көмекке жүгіну мәселелері түсіндіріледі.

Сонымен қатар «қызыл аймақта» тұрған оқушылармен мектеп директорлары мен педагог-психологтер ашық форматта, TED форматындағы кездесулер өткізеді. Мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – оқушылармен сенімді қарым-қатынас орнату, олардың пікірін тыңдау, психологиялық жағдайына әсер ететін мәселелерді анықтау және қажет болған жағдайда тиісті қолдау көрсету.

Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде буллингтің алдын алудың маңызы ерекше. Құрдастары тарапынан қорқыту, кемсіту, мазақтау, оқшаулау немесе әлеуметтік желілер арқылы қысым көрсету баланың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу және дер кезінде анықтау білім беру ұйымдары мен ата-аналардың тұрақты назарында болуы қажет.

Бұл жұмыстар «Заң мен тәртіп» қағидаттарымен де сабақтас. Прокуратура, полиция, білім беру ұйымдары және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы балалардың құқықтарын қорғауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Профилактикалық шаралардың басты мақсаты – мәселе орын алғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алып, қауіп факторларын ерте кезеңде анықтау.

Бұл ретте отбасының рөлі де айрықша. Ата-ана баласының көңіл күйіне, мінез-құлқындағы өзгерістерге, мектептегі және құрдастарымен қарым-қатынасына назар аударып, баламен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуы қажет. Бала қандай да бір қиындыққа тап болған жағдайда оны жалғыз қалдырмай, мектеп психологіне, әлеуметтік педагогке, медицина маманына немесе басқа да тиісті қызметтерге жүгінген жөн.

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсетуге арналған 111 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Бұл қызмет арқылы қиын жағдайға тап болған балалар мен ата-аналар қажетті кеңес пен қолдау ала алады.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бір ғана мекеменің міндеті емес. Бұл бағыттағы нәтижелі жұмыс мектеп, отбасы және мемлекеттік органдардың өзара түсіністігі мен жүйелі ынтымақтастығына байланысты.

Әрбір баланың өмірі мен қауіпсіздігі – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Баланы дер кезінде тыңдау, қолдау көрсету және қажетті көмекке бағыттау – қауіптің алдын алудың маңызды шарты.