Перейти к содержимому

Көш көлікті болғай…

29 қаралым

    Тегін баспана, жұмысқа орналасу, білім алу және мемлекет тарапынан қолдау көрсету… Қарасай ауданының тұрғындарына «Ерікті қоныс аудару – халық үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында өткен кездесуде Солтүстік Қазақстан облысы делегациясының өкілдері осы және басқа да мүмкіндіктер туралы айтып берді. Кездесуді аудандық мансап орталығының мамандары ұйымдастырды.

    Іс-шара Жібек жолы ауылындағы Мәдениет үйінде өтті. Оған шамамен 150 адам қатысып, мемлекеттік ерікті қоныс аудару бағдарламасының шарттары, көрсетілетін қолдау шаралары және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат алды.

    Солтүстік Қазақстан облысынан келген делегация өкілдерімен өткен кездесуді өңірдің Еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұрлан Биболаев басқарды. Онымен бірге Қарасай ауданына Айыртау, Ақжар аудандары, сондай-ақ Ғабит Мүсірепов атындағы аудан мен Шал ақын аудандарының еңбек мобильділігі орталықтарының басшылары келді.

Нұрлан Биболаевтың айтуынша, 2026 жылға Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аудару квотасы орындалған. Сондықтан қазір мамандар 2027 жылға қоныс аударушылар контингентін қалыптастыру бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол сондай-ақ биылғы жылдың маусым айынан бастап бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізілгенін айтты.

– Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударатын отбасылар алдымен жұмысқа орналасып, үш ай еңбек етуі тиіс, – деп түсіндірді спикер.

– Осыдан кейін отбасының әрбір мүшесіне бір реттік материалдық көмек ретінде 70 АЕК, яғни 302 мың 750 теңге төленеді. Ал алты ай жұмыс істегеннен кейін мемлекет бір жыл бойы тұрғын үйді жалға алу шығындарын ай сайын 64 мыңнан 89 мың теңгеге дейін өтейді. Бір жыл өткен соң қоныс аударушы Еңбек мобильділігі орталығына жүгініп, экономикалық мобильділік сертификатын ала алады. Оның көмегімен құны 7 миллион теңгеге дейінгі тұрғын үй сатып алуға болады. Үй азаматтың меншігіне рәсімделеді. Алайда бағдарлама талаптарына сәйкес, онда кемінде бес жыл тұру қажет.

    Әзірге мамандығы жоқ азаматтарға сұранысқа ие кәсіп бойынша тегін білім алып, шәкіртақы алу мүмкіндігі қарастырылған. Өз кәсібін ашқысы келетіндерге мемлекет гранттар береді. Сонымен қатар қоныс аударушылардың балалары балабақша мен мектепке кезектен тыс орналастырыла алады.

    Кездесу соңында аудан тұрғындары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Айта кетерлігі, жиынға қатысқан кейбір азаматтар үшін солтүстікке қоныс аудару мүмкіндігі мемлекеттік бағдарламаға деген жай ғана қызығушылық емес, өмірін өзгертуге берілген нақты мүмкіндік болып отыр.

    Солардың бірі – үш баланы тәрбиелеп отырған Индира Асқарова.

Әйелдің айтуынша, Алматы маңында тұрудың өзіндік артықшылықтары бар. Алайда көлік кептелісінің көптігі мен жалақы деңгейінің төмендігі оны өмірінде өзгеріс жасау туралы ойлануға мәжбүрлейді.

Ол үшін қоныс аударудың басты артықшылықтарының бірі – баспана алып, балаларына тұрақты келешекті  қамтамасыз ету мүмкіндігі. Алайда бір кедергі бар. Индирада кәсіби білімі жоқ. Дегенмен, жиында айтылғандай, бұл мәселеніңде  шешімі бар екен.

    Қарасай аудандық Еңбек мобильділігі орталығының директоры Дулат Сансызбаевтың айтуынша, мамандықтың болмауы бағдарламаға қатысудан бас тартуға себеп емес. Әйел үш айлық оқу курстарынан өтіп, сұранысқа ие мамандық алып, кейін жұмысқа орналаса алады.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 2026 жылы Қарасай ауданынан Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына 11 отбасы қоныс аударған. Барлығы 44 адам жаңа аймаққа қоныс аударған. Бұл көрсеткіштер бағдарламаның тиімділігі жоғары екенін көрсетеді. Бұған солтүстік өңірлерге қоныс аударған отбасылардың қайта оралмайтыны да дәлел.

    Бағдарлама әсіресе топ болып қоныс аударып, бір-біріне қолдау көрсететін қандастар үшін тартымды. Бұл еліміздің оңтүстігіндегі халықтың жоғары тығыздығын азайтып, солтүстік өңірлердегі демографиялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар қоныс аударушылар медицина, ауыл шаруашылығы, білім беру сияқты салалардағы кадр тапшылығын толықтыруға мүмкіндік береді.

Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударуға арналған мемлекеттік бағдарлама туралы қосымша ақпаратты Шамалған ауылында орналасқан аудандық мансап орталығынан алуға болады.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы