Райымбек ауданының Текес ауылында іссапарда болғанымызда Н.Шахаманов, А.Иманов, Б.Төлесұлы көшелерінің бойында құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйлерге де атбасын бұрғанбыз.
Текес ауылы Текес өзені сағасындағы жазықта орналасқан ауыл. Екі елді мекеннен тұратын Текес ауылдық округі бойынша халық саны – 3584 адам. Жалпы жер көлемі – 14 038 га, ауылшараушылығы мақсатындағы жерлер – 12 471 га, суармалы жерлер – 3549 га, жайылымдық – 8847 га, шабындық – 75 га, көпжылдық – 2165 га жерді құрайды.
Ауыл әкімі Ермек Даниалұлы Текес ауылында жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарын көрсетіп, атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырды.

Ауылдың көркін аша түсетін тұсы орталық көшесі болса, Текес ауылының да ажары айшықталар уақыт алыс емес. Қазіргі таңда ауылда құрылыс қарқынды жүруде. Құрылысты «Базис–А 2030» ЖШС ауқымы 6 шаршы метр 3 үйді, «RAT–GROUP» ЖШС ауқымы 20 шаршы метр 10 үйді және жеке тұлға Бекзат Мамырханов ауқымы 8 шаршы метр 4 үйді өз кезеңімен жүргізуде. Үйден тыс электр, су құбыры желілері орнатылған. Қабырғасы пеноблоктан қаланған тұрғын үйлердің әрқайсысында 2 пәтерден бар. Үй маңындағы аумақты абаттандыру жұмыстары да жоспарланған.
– Тұрғын үйлер салынып біткен соң, аудан әкімдігі конкурс шығарады. Жаңа салынған тұрғын үйлер конкурсқа қойылып, конкурс арқылы сатылып алынады. «Отбасы» банкі арқылы «Сусын» бағдарламасымен аз қамтылған, көпбалалы отбасылар кезек арқылы баспанаға ие бола алады. Қазіргі уақытта ауылда 51 адам баспана кезегінде тұр. «Отбасы» банкінің «Баспана» сайтына өтінішін қалдырып, сол арқылы кезекте тұрған отбасыларға тұрғын үйлер беріледі, – деді ауыл әкімі Ермек Даниалұлы.
Ал, біз баспанаға зәру тұрғындардың көп ұзамай көл-көсір қуанышқа кенелетінін, қоныстойлар көбейетінін ойлап, көңіліміз бір марқайып қалды.
Әңгіме барысында ауыл әкімі Ермек Даниалұлынан ерте көктемнен кетпенін сайлайтын диқаншы қауымымен ауыл шаруашылығы туралы да сұрадық. Бұл жөнінде әкімшілік шаруаларға жайлы жағдай жасауды нықтап жолға қойған.
– Ауылымызда 207 шаруа қожалығы, 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Мал басы ірі қара – 3286 бас, қой-ешкі – 12646 бас, жылқы – 2100 бас. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 16 жеке кәсіпкерлік ашылды. Жалпы алынған қаражат көлемі – 83 млн 716 мың теңге. Тігін цехы – 1, асхана – 1, жүк тасымалдау – 1, омарта шаруашылығы – 1 және 12 адам мал басын көбейту мақсатында жұмыс істеп жатыр. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы егістік көлемі – 232 га жаздық бидай, жаздық арпа – 650 га, картоп – 455 га, көпжылдық екпе шөп – 2165 га жерге егілді. Ауылдық округ бойынша 90 дана ауыл шаруашылық техникасы бар. Қазіргі таңда 700 га жер шабылды. Жиналған өнім – 7700 тонна. Еңбек даласына – 18 трактор, 10 тырма, 10 шөп байлағыш техникалары тартылған. Дала төсінде таңнан басталған жұмыс түнге дейін жалғасады, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Иә, «Гүлденсе, ауыл гүлденсін!». Бұл – бүкіл қазақ елінің тілеуі. Себебі, талантына бас идірген талай тұғырлы тұлға ауылдан шығып, кіндігін ауылдан кескен.
«Ауылына қарап, азаматын таны», – деген. Қай сала болсын жаңарып, жаңғыруда. Ең бастысы, ауыл адамының көңілі көтеріңкі, еңсесі биік. Бірлігі бекем, тірлігі татымды Текес ауылының біз көрген бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы