Перейти к содержимому

Есірткіге жол жоқ!

16 қаралым

Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында №1 мектеп-гимназиясында профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараға Шелек полиция бөлімі, Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің Ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Әсел Тәукенова қатысып, оқушылармен «Есірткіге жол жоқ!» және «Құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыптарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Кездесу барысында жасөспірімдерге есірткінің адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және болашағына тигізетін кері әсері туралы кеңінен түсіндірілді. Полиция қызметкері есірткі және психотроптық заттарды қолданудың ғана емес, оларды сақтау, тасымалдау және тарату әрекеттерінің де заң алдында жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.

Сонымен қатар қазіргі таңда интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жастарды заңсыз әрекеттерге тарту жағдайлары кездесетіні айтылды. Бейтаныс адамдардың ұсыныстарына сенбеу, күмәнді хабарламалар мен сілтемелерге өтпеу, заңсыз табыс табуға шақыратын ұсыныстардан бас тарту қажеттігі ескертілді.

Профилактикалық әңгіме барысында буллинг, бопсалау, төбелес, ұрлықтан алыс болып, мектептегі тәртіпті сақтау, қоғамдық орындардағы мінез-құлық және кәмелетке толмағандардың құқықтық жауапкершілігі туралы да кеңінен айтылды.

Оқушыларға кез келген құқықбұзушылықтың салдары болатынын түсіндірген полиция майоры Әсел Тәукенова: «Заң талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті. Осы орайда қиын немесе күмәнді жағдайға тап болған жағдайда мәселені жалғыз шешуге тырыспай, ата-анаға, мұғалімге немесе полиция қызметкерлеріне дер кезінде хабарласу өте маңызды», – деп атап өтті.

Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, маманнан нақты жауаптар алды. Мұндай профилактикалық жұмыстардың негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу.

Жасөспірімдердің қауіпсіз болашағы – отбасы, мектеп және құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысына байланысты. Сондықтан өскелең ұрпақты зиянды әдеттерден аулақ болуға, заңды құрметтеуге және салауатты өмір салтын ұстануға шақыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы