«Біз, біртұтас Қазақстан халқы, Әділетті Қазақстан идеясын және «Заң мен Тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтайтынымызды мәлімдеп… осы Конституцияны – Қазақстан Республикасының Негізгі Заңын қабылдаймыз».
Қазақстан Республикасы Конституциясының преамбуласында айқындалған бұл қағидаттар мемлекет пен қоғам алдындағы маңызды міндетті белгілейді. Ол – заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ете отырып, әр адамның құқықтары мен бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу.
Осы міндетті жүзеге асырудың тиімді жолдарының бірі – құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстар. Өйткені қылмыс жасалғаннан кейін оның салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алып, себептерін ерте анықтау әлдеқайда маңызды.
Профилактика – қауіпсіз қоғамның негізі
Соңғы екі апта ішінде Алатау қаласының аумағында құқықбұзушылықтардың алдын алуға, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қайталама қылмысқа жол бермеуге және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған бірқатар бірлескен рейдтік іс-шара өткізілді.
Рейдтерге Алатау қаласы әкімдігінің, полиция бөлімінің, азаматтық қорғау органдарының және пробация қызметінің өкілдері қатысты.
Заречный шағын ауданында тұрғындармен, кәсіпкерлермен, ата-аналармен және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтармен кездесулер өткізіліп, заң талаптары түсіндірілді. Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – азаматтарды жазалау емес, құқықбұзушылыққа алып келетін жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Баланың қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға ерекше мән беру қажет деп есептеймін.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында және тұрғын үйден тыс жерлерде болуы – олардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін факторлардың бірі.
Мұндай жағдай жасөспірімнің өзі құқықбұзушылық жасауына ғана емес, өзге адамдардың заңсыз әрекеттерінен зардап шегуіне де себеп болуы мүмкін.
Сондықтан рейд барысында жасөспірімдер жиі баратын қоғамдық орындар мен нысандар қамтылып, ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілік түсіндірілді. Ал кәсіпкерлік нысандарының иелеріне кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына қатысты заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу – тек полицияның немесе арнайы комиссияның міндеті емес. Бұл – отбасы, мектеп, мемлекеттік органдар және бүкіл қоғам болып атқаратын ортақ жұмыс.
Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге, сабақтан себепсіз қалуына, түнгі уақытта үйден тыс жүруіне немесе күмәнді ортаның ықпалына түсуіне дер кезінде назар аудармау кейін орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
Сондықтан профилактика құқықбұзушылық тіркелгеннен кейін емес, оның алғашқы белгілері байқалған сәттен басталуы керек.
Өрт қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау қажет
Рейдтік іс-шаралардың тағы бір маңызды бағыты – жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері тұрғындарға пешпен жылыту жүйелерін, электр құрылғылары мен газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарын түсіндірді.
Әсіресе балалар тұратын үйлерде қауіпсіздік ережелерін сақтау аса маңызды. Ересектердің қарапайым сақтық шараларын елемеуі бала өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Өрттің алдын алу – төтенше жағдай орын алғаннан кейін әрекет етуден әлдеқайда тиімді. Сондықтан әр отбасы қауіпсіздік талаптарын күнделікті әдетке айналдыруы тиіс.
Қайта құқықбұзушылыққа жол бермеу
Рейдке пробация қызметі өкілдерінің қатысуы бақылау жұмыстарын әлеуметтік және профилактикалық шаралармен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Заң талаптарын бұзған немесе күрделі өмірлік жағдайға тап болған азаматқа тек жауапкершілігін түсіндіру жеткіліксіз. Оның қоғамға қайта бейімделуіне, қалыпты өмірге оралуына жағдай жасау да маңызды.
Әсіресе осындай отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайы мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың тұрақты назарында болуы қажет. Себебі бір құқықбұзушылықтың алдын алу – кейде тұтас отбасының тағдырын өзгертуге мүмкіндік береді.
«Заң мен Тәртіп» – ортақ міндет
Алатау қаласы қоғамдық кеңесінің төрайымы ретінде кез келген профилактикалық жұмыстың нәтижелілігі мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы ашық әрі сенімді байланысқа тікелей байланысты деп есептеймін.
Рейдтік іс-шаралар заң шеңберінде, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтей отырып жүргізілуі тиіс.
Азаматтардың құқықтарын қорғау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бір-біріне қайшы ұғымдар емес. Керісінше, заңды, әділ әрі түсіндіруге негізделген жұмыс халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырады.
Профилактикалық жұмыстың нәтижесін тек анықталған құқықбұзушылықтар немесе толтырылған әкімшілік хаттамалар санымен өлшеуге болмайды.
Оның шынайы нәтижесі – қылмыстан сақталған жасөспірім, қорғалған бала, жауапкершілігін түсінген ата-ана, алдын алынған өрт және қайта құқықбұзушылыққа жол бермеген азамат.
«Заң мен Тәртіп» қағидатының шынайы мәні де осында. Заң баршаға ортақ әрі түсінікті болуы керек. Ал қоғамдық тәртіп тек жазалау арқылы емес, жүйелі профилактика, мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы, ата-аналардың жауапкершілігі және қоғамның белсенді қатысуы қамтамасыз етілуге тиіс.
Риза САУРБАЕВА, қоғамдық кеңестің төрайымы,
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың
құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі
Алатау қаласы