Перейти к содержимому

Жас патриоттар сыныбы ашылды

19 қаралым

ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің қолдауымен ашылып жатқан «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубтарының қатары жыл санап толығып келеді. Соның нақты дәлелі, осы аптада Қарасай ауданы Елтай ауылындағы жайлы мектепте осындай клубтың 20 мүшесі ант қабылдап, су жаңа әскери сыныптың тұсауы кесілді. Айта кетейік, аталған әскери-патриоттық клуб өз жұмысын өткен жылдың желтоқсан айында бастаған. Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасы мен Елтай мектебінің басшылығы арасында жасалған ынтымақтастық меморандумы негізінде құрылған клуб бүгінде өз жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Оның мүшелері жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен батылдық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған «Ерлік сабақтары», «Ашық есік күні» сынды тағылымды шараларға белсенді қатысып келеді. Шекара шебіне жақын орналасқан ауыл мектебінде өткен салтанатты рәсімге Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Талғат Табылдиев қатысып, білім ошағының басшысы Нұрқия Садықовамен бірге әскери-патриоттық сыныптың лентасын қиды. Ақ жаулықты әжелер, ауылдағы «Асыл қазына» ансамблінің мүшелері, ардақты ұстаздар Сәуле Ережепова мен Бақыт Жетеевалардың шашуы мен қуанышқа бөленген көпшіліктің ақжарма тілегіне куә болдық.

Есігі айқара ашылған кадеттер сыныбы жас ұрпаққа әскери қызметтің қыр-сырын таныстырып, ел қорғау жолындағы жауапкершілікті сезіндіруге бағытталған. Сыныптың қабырғалық көрнекі құралдары мен оқу-танымдық материалдары шекара басқармасының демеушілігімен жабдықталған. Мұнда Шекара қызметінің тыныс-тіршілігі мен әскери қызметтің ерекшеліктерін танытатын ақпараттармен қатар, клубтың алғашқы қарлығаштары – бүгінде 9-сыныпта оқитын кадеттердің және биыл олардың қатарын толықтырған ұлдар мен қыздардың суреттері де ілініпті. Бұл – сабақтастықтың, ізгі бастаманың жалғастығының айқын көрінісі. Айрықша атап өтерлігі, мұндай кадеттер сыныбын алғаш болып елордада ҰҚК Шекара қызметінің Орталық аппараты ашқан болатын. Ал бұл игі бастаманы өңірде жалғастырып, екінші болып «Жас шекарашы» сыныбын ашу құрметі қарасайлық шекарашыларға бұйырды. Мектептің кең де жарық спортзалында өткен салтанатты рәсім еліміздің Гимнімен ашылды. Алғашқы сөз білім ошағының басшысы Нұрқия Садықоваға берілді. Мектеп директоры бүгінгі шараның маңызына тоқталып, болашақ шекарашыларды тәрбиелеуге ұйытқы болып, кадеттер сыныбын ашуға қолдау білдірген Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының басшылығына алғысын жеткізді.

Бұдан соң ортаға сап түзеп шыққан жас кадеттер әскери-патриоттық сертке адалдығын білдіріп, ант қабылдады. Жүрек толқытар осы бір сәтті мектептің жоғары сынып оқушыларымен бірге кадеттердің ата-аналары да тамашалады. Баласының кеудесін мақтаныш кернеген ата-аналар үшін бұл күннің орны бөлек еді.

Салтанатты рәсім барысында күмбірлеген күй төгіліп, мектептің жас өнерпаздары әуелете ән салды. Өнерлі өрендердің өнері қуанышқа жиналған қауымның көңілін көтеріп, мерекелік шараның мазмұнын байыта түсті.

Ал кадеттер үшін бұл күн – әскери-патриоттық тәрбие жолындағы алғашқы жауапты қадам. Олардың сапқа тұрып, сертке адалдығын білдіруі – Отанға деген құрметін танытып, ел алдындағы азаматтық ұстанымын айқындайтын маңызды сәт.

Салтанатты рәсім барысында сөз алған Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Т. Табылдиев: – «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті, ел алдындағы жауапкершілікті және азаматтық ұстанымды қалыптастыру. Балалардың әскери қызмет туралы сырттай біліп қана қоймай, әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысқанын қалаймыз. Әскери-патриоттық тәрбие – бір күнде қалыптасатын дүние емес. Бұл – жас адамның тұлға болып қалыптасуына бағытталған жүйелі жұмыс. Болашақта қай саланы таңдаса да, елінің нағыз патриоты болатын азаматтарды тәрбиелеуге үлес қосуды мақсат етеміз, – деді.

Алда жас кадеттерді шекара бөлімшелері мен шекара басқармасында өтетін түрлі әскери-патриоттық іс-шаралар, тағылымды кездесулер мен танымдық сабақтар күтіп тұр. Бүгінгі алғашқы қадамның ертең ел шебін қорғайтын саналы да отаншыл азаматтарды тәрбиелеуге бастайтынына сенім мол.

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы