Ұйғыр аудандық кітапханасында әйелдер мен жастардың қатысуымен мазмұнды кездесу өтті. Іс-шара барысында отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі және отбасындағы өзара сыйластық туралы ашық пікір алмасу ұйымдастырылды.
Кездесуге Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының қызметкерлері қатысып, жастардың сұрақтарына жауап берді. Әңгіме барысында отбасының қоғамдағы орны, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен жауапкершіліктің маңызы сөз болды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесіне кеңінен тоқталды. Мұндай жағдай тек ерлі-зайыптылардың арасындағы мәселе болып қалмай, оның әсері балаға да тиеді. Үйдегі ұрыс-керіс пен зорлық-зомбылық баланың психологиялық жағдайына кері әсер ететіні белгілі. Сондықтан қандай да бір келеңсіз жағдайды жасырып қалмай, дер кезінде көмекке жүгіну маңызды. Осы турасында жастарға құқық қорғау органдарының қызметкерлері тәптіштеп түсіндірді.
Кездесуде қолданыстағы заң талаптары да түсіндірілді. Атап айтқанда, құқық қорғау органдары отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында қорғау нұсқамасын шығара алатыны айтылды. Қорғау нұсқамасы құқықбұзушының жәбірленушіге қатысты белгілі бір әрекеттерін шектеуге бағытталған.
Жастар тарапынан қойылған сұрақтар да назардан тыс қалмады. Полиция қызметкерлері отбасы ішіндегі келіспеушілікті ушықтырмай, мәселені өзара түсіністікпен шешудің, қажет жағдайда мамандар мен құқық қорғау органдарына жүгінудің маңызын атап өтті.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы