Жасөспірімнің қауіпсіздігі мен тәрбиесі – қоғам назарынан тыс қалмайтын мәселе. Осы бағытта Ұйғыр ауданының полиция бөлімі қызметкерлері білім беру ұйымында оқушылармен профилактикалық кездесу өткізді.
Шонжы ауылындағы Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектепте өткен кездесуде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, буллинг пен кибербуллингке жол бермеу, интернетті қауіпсіз пайдалану және есірткіге қатысты қылмыстардан сақтану мәселелері сөз болды. Сондай-ақ түнгі уақытта заң талаптарын бұзудың салдары мен тәртіптік, азаматтық-құқықтық, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік түрлері түсіндірілді.
Полиция қызметкерлері оқушыларға заңды білу – өз құқығыңды қорғау ғана емес, өз әрекетіңе жауап бере білу екенін атап өтті. Әсіресе әлеуметтік желідегі кез келген әрекетке ойланып қарау, бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста сақ болу және күмәнді жағдайға тап болғанда үлкендерден көмек сұрау қажеттігі айтылды.
Кездесудің мәні – жасөспірімдерді жазалаудан бұрын, құқықбұзушылықтың алдын алып, дұрыс бағыт көрсету. Себебі бір қате қадам баланың болашағына әсер етуі мүмкін.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы