Жол қауіпсіздігі – баршаға ортақ жауапкершілік. Жолдағы бір сәттік немқұрайлылық немесе белгіленген жылдамдықты сақтамау орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Осыған орай, Райымбек ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Жылдамдықты азайт, өмірді сақта!» акциясы өтті.
Акция барысында полиция қызметкерлері жол бойында көлік жүргізушілерін тоқтатып, жол қозғалысы ережелерін сақтау, жылдамдық режимінен аспау және жолдағы қауіпсіздік талаптарын орындау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жүргізушілерге жол қауіпсіздігіне қатысты ақпараттық брошюралар таратылып, көлік тізгіндеген әр азаматтың жауапкершілігі туралы айтылды.
Іс-шараға Райымбек ауданының прокуроры Қасымбаев Ерлан да қатысып, жүргізушілермен жүргізілген түсіндіру жұмыстарына атсалысып, жол ережесін сақтаудың маңыздылығына назар аударды.
Акция тек көлік жүргізушілерін қамтып қана қоймай, мектеп оқушылары арасында да жалғасын тапты. Оқушыларға жолдан өту кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау, жаяу жүргіншілер өткелін пайдалану, жол белгілеріне назар аудару және жол бойында сақтық шараларын ұстану жөнінде түсіндірмелер жүргізілді. Әсіресе мектепке бару және қайту кезінде жол қозғалысына мұқият болудың маңызы айтылды.
Жол қауіпсіздігі туралы білімді бала кезден қалыптастыру – жазатайым оқиғалардың алдын алудың маңызды жолдарының бірі. Себебі бала үшін жолдағы әр белгі, әр ереже қауіпсіздікке бастайтын қарапайым, бірақ маңызды нұсқаулық.
Жолдағы тәртіп тек полиция қызметкерлерінің бақылауымен қалыптаспайды. Ол әр азаматтың саналы әрекетінен басталады. Рөлге отырған жүргізуші өзінің ғана емес, жолаушылар мен жолдағы басқа да адамдардың өміріне жауапты. Сол секілді әр жаяу жүргінші де жол ережесін сақтап, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс.
«Жылдамдықты азайт, өмірді сақта!» акциясының басты мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздік мәдениетін арттырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Бірнеше минутты үнемдеу үшін асығудың адам өміріне төндіретін қаупі зор. Сондықтан жолда сабыр сақтап, белгіленген талаптарды орындау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.
Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның берік негізі. Ал жолдағы тәртіп – осы қағидаттың күнделікті өмірдегі нақты көрінісі. Қайда бара жатсақ та, басты мақсатымыз біреу болуы керек: жолға шыққан әр адам өз үйіне аман-есен оралсын.
Ақерке БИЖАН
Райымбек ауданы