Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Оқушы психологиясы және заң: тәртіптің түп-тамыры – тәрбиеде

Оқушы психологиясы және заң: тәртіптің түп-тамыры – тәрбиеде

55 қаралым

Мектеп – баланың білім алып қана қоймай, тұлға ретінде қалыптасатын ортасы. Осы кезеңде оқушының мінез-құлқы, қоршаған ортамен қарым-қатынасы, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауы қалыптасады. Сондықтан оқушы психологиясын түсіну мен заң және тәртіп қағидаларын насихаттау өзара тығыз байланысты.

Жасөспірімдік кезеңде бала өзін көрсетуге, қатарластарының пікіріне мән беруге ұмтылады. Кей жағдайда эмоцияға беріліп жасалған әрекеттің салдарын толық бағалай алмауы мүмкін. Мұндай сәтте бірден жазалау емес, баланың әрекетінің себебін түсінуге тырысу маңызды. Себебі тәртіпті саналы түрде қабылдаған оқушы ережені тек бақылаудан қорыққандықтан емес, оның қажеттілігін түсінгендіктен сақтайды.

Заң мен тәртіп туралы түсіндіру жұмыстары да оқушының жас ерекшелігіне сай жүргізілгені жөн. Құқықтық талаптарды құрғақ баяндаудан гөрі, күнделікті өмірдегі нақты жағдайлар арқылы түсіндіру баланың қабылдауына жеңіл. Мысалы, мектептегі буллинг, кибербуллинг, төбелес, бөтеннің мүлкіне қол сұғу, интернеттегі жауапсыз әрекет секілді жағдайлардың салдарын талқылау оқушыға өз ісінің жауапкершілігін түсінуге мүмкіндік береді.

Бұл ретте мектеп психологы, сынып жетекшісі, ата-ана және құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы маңызды. Оқушы өзін тыңдайтын, түсінетін орта бар екенін сезінгенде, өз мәселесін жасырмай айтуға бейім болады. Ал дер кезінде жүргізілген түсіндіру мен қолдау көптеген келеңсіз жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді.

Заңды құрметтеу баланың санасына мектеп қабырғасынан сіңуі тиіс. Өзгенің пікірін тыңдау, адамның жеке шекарасын құрметтеу, жанжал кезінде сабыр сақтай білу, өз құқығымен қатар өз міндетін де түсіну – құқықтық мәдениеттің алғашқы баспалдақтары.


Гүлмира МЕЙІРМАНОВА, Қ.Шорманов атындағы

орта мектептің психологы

Текес ауылы, Райымбек ауданы