Отбасындағы тыныштық пен қауіпсіздікті сақтау – тек бір мекеменің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы бағытта Ұйғыр ауданының полиция бөлімі қызметкерлері бірқатар профилактикалық іс-шаралар өткізуде.
Полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторлары учаскелік полиция инспекторларымен, Отбасын қолдау орталығының және аудандық орталық аурухананың мамандарымен бірлесіп, көмекке мұқтаж отбасылардың тұрмыс жағдайын зерделеді.
Аралау барысында мамандар әлеуметтік жағдайы назар аударуды қажет ететін отбасыларды анықтап, тиісті есепке алу және тіркеу жұмыстарын жүргізіп, азаматтарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың белгілері, оның себептері мен салдары жөнінде түсіндірді.
Қажет болған жағдайда отбасыларға құқықтық, әлеуметтік, медициналық және психологиялық қолдау көрсетілетіні түсіндірілді. Мұндай жұмыстың ерекшелігі – мәселені тек құқықбұзушылық орын алғаннан кейін қарастырмай, оның алдын алуға басымдық берілуінде.
Отбасындағы келіспеушілік дер кезінде назарға алынып, тиісті көмек көрсетілсе, көптеген келеңсіз жағдайдың алдын алуға болады. Сондықтан полиция, медицина және әлеуметтік қызмет мамандарының бірлескен жұмысы отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Осы себепті те алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын таппақ.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы