Бір басында тектілікті, ірілік пен іскерлікті асқақтатар сан қасиет тоғысқан, сонысымен де елінің көшелі бір азаматы болып, қырық жылдан астам уақыт жасыл желекті қорғауға орасан зор үлес қосқан, яғни орманшы болып жұмыс атқарған, есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып жүрген ардақты азамат Жанат Демежанұлы туралы сөз қозғамақшымыз. Жанат ағамыз мінезіне көркі сай, өз ісіне жауапты, білімді азамат әрі өнегелі әке.
Халқымыздың «Туған жерге туың тік!» деген тәмсілінде патриотизмнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа деген сүйіспеншіліктен тамыр тартатыны айтылған.
Сол сынды туған жеріне аянбай еңбек еткен кереге таулы Кеген өңірінің тумасы, сақа орманшы, қазіргі таңда еңбек демалысында отырған Жанат Демежанұлын сөзге тартып, сыр шерттік.
– Мен Кеген ауданының тумасы, өмірімнің жастығын, қарттығын да осы сұлу өлкеде өткізіп келемін. Бүгінгі таңда жетпіс бестемін. 1969 жылы Кеген қазақ орта мектебін бітіріп, Алматы қаласындағы орман шаруашылығы фаультетіне, сол уақыта жүз бала қабылданады деген соң, соның біреуі болып оқуға қабылданып, 1975 жылы бітіріп шықтым. Оқып жүрген кезімде әскер қатарына Талдықорған қаласының Еркін деген ауылында әскери сұрыптау болды. Ауыл шаруашылығы институтының 11 факультеті бар үлкен оқу орны ғой. Ол уақытта иниститут жұмысқа басқа өңірге жіберу үшін жолдама сұрайтын. Мен «Кеген» орман шаруашылығына келгенде, орман шаруашылығының басшысы Шәріп Мықитанов деген ағамыз екен. Әке-шешемізді танитын кісілер, бірге еңбек еткенін білетін едім. Бірден маған иниститутқа шақырту жолдама жазып берді. 42 жылға жуық орман саласында еңбек етіп, бір мекемеде қызмет істеп, осы мекемеден еңбек демалысына шықтым.

Үзіліссіз біліктілігімен тынбай жинаған тәжірибесі оның беделін арттырады. Мамандығы мен кәсібіне сәйкес тапсырылған қай істі болсын ынтасымен атқарды. Орман шаруашылығын дамытуға күш-жігерін жұмсайды. Өз ісінің шебер ұйымдастырушысы ретінде Жанат Демежанұлы «Тұйық» орманшылығында 1975 жылға дейін қызмет істеп, одан кейін «Қарқара» орман бөлімшесі директорлығына шақырылды.
– Орман шаруашылығында 1978 жылға дейін басшы болып қызмет істедім. Сол кезеңде Шәріп Мықитанов зейнеткерлікке шығып, оның орнына Ұзынбұлақта жұмыс істеп жүрген Бекболат Дауылбаев басшы болып келді. Мені орталыққа шақырып, кеңседе инженер қызметін атқардым. Ол уақытта орман шаруашылығында қосалқы мал шаруашылығы жұмыс жасайтын. Бал ара ұясы, жылқы, бір отар қой болды. Ол өзінше бөлек сала. 1952 жылы орман шаруашылығында әкем Жалағашта қарағай дайындаушы болып істейтін. Орман-еліміздің тынысын ашатын өкпесі. Әр тал, әр көшет – елдің тағдыры. Бүгінгі таңда еңбек етіп жүрген әріптестеріме еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін! Ел ертеңі үшін еңбек етіп, табиғатымыздың сақшысы, қоршаған ортаның қорғаны болып табиғатымыздың көріктене түсуіне ықпал ете берулеріңе тілектеспін! – дейді.
Туған жерінің табиғатын сүйіп өскен Жанат ағамыз зейнетке шықса да, орман шаруашылығынан қол үзбей, ізбасарларына ақыл қосып, кеңес беріп жүрді. Сөйтіп, болмысы ұстаз, өзін нағыз сақа орманшы екенін мойындата білді. Ол барлық іске шығармашылықпен, жан-жақты қарап, орман ісінің жаңа буын мамандарын әзірлеуге көңіл бөлді.
Өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып, көптеген Алғыс хаттармен Құрмет грамоталарына ие болды. Орман шаруашылығының майталманы, Кеген және Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Еңбек ардагері, «Қазақстан Республикасының 20 жыл» мерекелік медалінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жанат Демежанұлы елі мен жері үшін шынайы пейілімен қызмет етті.
Ол отбасында да өнегелі отағасы болды. Жұбайы Күләш Бейсенбетова екеуі 1977 жылы отбасын құрып, бүгінде елге еңбек сіңіріп жүрген ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелеп өсірді. Бәрі ата-ана арманына лайықты еліне адал қызмет етіп жүрген азаматтар. Бұлардан тараған немерелері ата-апасының көз қуаныштары.
Алпыстың асқарына мойымай көтеріліп, жетпістің бесеуіне келген Жанат Демежанұлы туралы айтылар тағылымды әңгіме таусылмайды. Себебі, елге табан ақы, маңдай терін аямаған еңбек адамы қашанда халқымен бірге жасай береді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы