Облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылыққа, нашақорлыққа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиялардың III тоқсандық отырысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов төрағалық етті. Жиынға құқық қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, цифрландыру, төтенше жағдайлар және басқа да салалардың өкілдері қатысты.
Алдымен құқықбұзушылыққа қарсы комиссияның күн тәртібіндегі мәселелері қаралды. Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Нұржан Сайлауұлының айтуынша, жыл басынан бері мас күйінде жасалған қылмыстар саны 3,5 пайызға төмендеп, былтырғы 402-ден биыл 388-ге түскен. Дегенмен Талғар, Іле, Жамбыл, Ұйғыр және Кеген аудандарында бұл көрсеткіштің өсуі алаңдатады.
– Учаскелік полиция инспекторлары спирттік ішімдікті шамадан тыс пайдаланатын азаматтар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды анықтап, профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан бері алкоголь өнімдерін сату талаптарын бұзған 327 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені немесе ішімдік ішкені үшін 5 882 адам жауапкершілікке тартылып, 81 адам мәжбүрлеп емдеуге жіберілді, – деді ол.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялардың мүмкіндігі де кеңейіп келеді. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ақылбек Төлеуовтің мәліметінше, өңірде 75 861 бейнебақылау камерасы есепке алынған. Биылғы сегіз айда бейнебақылау мен ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен 1 698 қылмыс ашылып, 63 424 құқықбұзушылық анықталған. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында тағы 5 500 камера орнату жоспарланған.
Облыста бірге жол ережесін автоматты түрде тіркейтін 43 мобильді жүйе жұмыс істеп, сегіз айда 67 275 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаған. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Жандос Ақылдың айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 9 416 бейнебақылау камерасы мен 325 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған. Бүгінде облыстың 9 ауданы мен Алатау қаласында Жедел басқару орталықтары жұмыс істейді. 373 елдімекеннің 360-ында мобильді интернет қолжетімді болса, 2027 жылдың соңына дейін тағы 85 ауылға талшықты-оптикалық байланыс жеткізу жоспарланған.
Жиында өрт қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше назар аударылды. Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Рахман Кәрімжанның мәліметінше, биыл тоғыз айда облыста 627 өрт тіркеліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға азайған. Алайда материалдық шығын 2,7 есеге өсіп, 84,7 млн теңгені құраған. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 817 заңды және жеке тұлға жауапкершілікке тартылып, 17,9 млн теңге айыппұл салынған.
Алғашқы отырысты қорытындылаған Қанат Болатұлы аудан-қала әкімдеріне алкоголь өнімдерінің заңсыз сатылуының алдын алу, «Ішімдіксіз ауыл» тәжірибесін кеңейту, қоғамдық қауіпсіздік инфрақұрылымын күшейту және өрттің алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар жол-көлік оқиғалары жиі болатын учаскелерге «ақылды» жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату, білім беру ұйымдарындағы бейнебақылауды Жедел басқару орталықтарына қосу міндеттелді. Сегіз айда облыста қылмыс 6 пайызға төмендегенімен, Еңбекшіқазақ, Қарасай және Іле аудандарында өсім байқалған. Осыған байланысты аталған аудандарға жыл соңына дейін жағдайды тұрақтандыру тапсырылды.
Жиындағы келесі комиссия отырысында нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы күрес мәселелері қаралды. Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Дастан Жексенбековтің айтуынша, жыл басынан бері 156 есірткі құқықбұзушылығы анықталған. Оның 89-ы қылмыс болса, заңсыз айналымнан 11 тоннадан астам есірткі тәркіленген. Өңірдегі 699 ойын-сауық нысанының 430-дан астамы тексеріліп, 110-ға жуық рейдтік және профилактикалық іс-шара өткізілген. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Серікбаеваның мәліметінше, қазіргі таңда нарколог-дәрігердің диспансерлік есебінде 2 703 адам тұр, оның 289-ына «нашақорлық» диагнозы қойылған. Жыл басынан бері тәуелділіктің алдын алу бағытында 188 іс-шара өткізіліп, 14 мыңнан астам адам қамтылған. Ал облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева өңірдегі 452 мектеп, 42 колледж және 31 қосымша білім беру ұйымында нашақорлық, маскүнемдік пен темекі шегудің алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Баяндамаларды тыңдаған Қанат Есболатов синтетикалық есірткінің таралуына жол бермеу, ойын-сауық орындарындағы бақылауды күшейту, есірткіге тәуелді азаматтарды емдеу мен оңалтуды жетілдіру, сондай-ақ тәуекел тобындағы жастармен және ата-аналармен жұмысты жандандыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның III тоқсандық отырысында коммуналдық шаруашылық, жұмыспен қамту және жер қойнауын пайдалану салаларындағы тәуекелдер талқыланды. Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының басшысы Димаш Қожабековтің айтуынша, өңірде халықты қоқыс жинау және шығару қызметімен қамту деңгейі 85 пайызды құрайды. Бұл салада 78 кәсіпорын жұмыс істеп, 226 арнайы техника пайдаланылуда. Оның 136-сы GPS-навигациямен жабдықталған. Сонымен бірге операторларды анықтау бойынша конкурстардың өткізілмеуі, қызмет көрсету аумақтарының нақты белгіленбеуі, шарттарға бақылаудың әлсіздігі және қоқыс тасымалы бағыттарының толық цифрландырылмауы сияқты кемшіліктер анықталған. Осыған байланысты ҚТҚ (қатты тұрмыстық қалдықтар) шығаруды ұйымдастырудың бірыңғай тәртібін белгілейтін қаулы жобасы әзірленіп жатыр.
Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Асыл Ваисов жүргізілген мониторинг барысында бірқатар заңбұзушылық анықталғанын жеткізді. Мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсететін үкіметтік емес ұйымдарға қатысты 17 шарт бұзу деректері тіркелсе, қоғамдық жұмыстарға азаматтарды жалған орналастырудың 174 фактісі анықталған. Бұл бойынша 84,4 млн теңге төленгені белгілі болған. Ал кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Манасбаева жер қойнауын пайдалану саласындағы тәуекелдерге тоқталды. Облыста кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 309 карьер бар.
Комиссия отырысында бірқатар басқармада сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдаудың жүргізілмегені анықталды. Осыған байланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары жауапты басшыларға талдауды сапалы әрі уақытылы жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар ҚТҚ жинау мен шығару саласында бірыңғай тәртіп енгізу, маршруттарды цифрлық бақылау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету, жер қойнауын пайдалану учаскелерін түгендеу және лицензиялық талаптардың сақталуын бақылауды күшейту міндеттелді.
Құралбек СӘБИТОВ
Қонаев қаласы