Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚАУІПСІЗ БОЛАШАҚТЫҢ НЕГІЗІ

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚАУІПСІЗ БОЛАШАҚТЫҢ НЕГІЗІ

43 қаралым

Іле ауданында 800-ге жуық жастың басын қосқан құқықтық және қаржылық қауіпсіздік форумы өтті. Өтеген батыр ауылында «Менің таңдауым – заң және қаржылық қауіпсіздік» атты ауқымды жастар форумы өтті. Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған іс-шараға Іле ауданындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттерінен құралған 800-ге жуық жас қатысты. Бүгінде жастардың құқықтық сауаттылығы мен қаржылық қауіпсіздігі – қоғамның тұрақты дамуы үшін маңызды бағыттардың бірі. Әсіресе интернет пен цифрлық технологиялардың күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналуы жасөспірімдер мен жастардың жаңа қауіп-қатерлерге тап болу ықтималдығын арттырып отыр. Осы тұрғыдан алғанда форумның негізгі мақсаты – жастарға заң талаптарын түсіндірумен қатар, қаржылық және цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.Іс-шара экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жобалар көрмесінен басталды. Жас қатысушылар өздерінің әлеуметтік бастамалары мен жобаларын таныстырып, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды. Үздік жобалардың авторлары мен белсенді қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды.Форумның негізгі бөлігінде сарапшылар мен сала мамандары жастармен ашық пікір алмасып, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылады. Панельдік сессия барысында дропперлік, интернет-алаяқтық, құмар ойындарға тәуелділік, киберқауіпсіздік, банк карталары мен жеке деректерді қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.Алматы облысы Полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Әлібек Керім дропперлік мәселесін көтеріп, жастардың өз банк карталарын бөгде адамдарға бермеуі және күмәнді қаржылық операцияларға араласпауы қажеттігін түсіндірді.PhD, «Мәңгілік» құмарлықтың алдын алу мен емдеуді дамыту қоғамдық қорының басшысы Айдос Ибрагим бәс тігу мен лутбокстарға байланысты тәуекелдерге тоқталды. Мамандардың айтуынша, қаржылық сауаттылықтың төмендігі мен қауіптерді дұрыс бағаламау жастарды заңсыз немесе тәуекелді әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Психолог Наталья Кравцова жасөспірімдердің қаржылық және цифрлық қауіпсіздігі мәселелерін талқыласа, CyberX ЖШС директоры Батыржан Шакманов кибертұрақтылық және цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік туралы сөз қозғады. Жастардың денсаулығына кері әсер ететін әдеттердің алдын алу мәселесі де назардан тыс қалмады. Алматы облысы бойынша психологиялық қолдау оқу-әдістемелік орталығының психолог-практигі Мөлдір Әміртай вейпинг пен электронды темекі бұйымдарының қауіптері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Форум барысында мамандар жастарға интернеттегі күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу, банк карталары мен шоттарын үшінші тұлғалардың пайдалануына жол бермеу, сондай-ақ заңсыз қаржылық ұсыныстардан бас тарту қажеттігін жеткізді. Заң мен тәртіп – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – әр азаматтың күнделікті өмірдегі жауапкершілігінен басталатын ортақ құндылық. Сондықтан жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, оларды заңды құрметтеуге және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға үйрету – маңызды міндет. Форумның ақпараттық мазмұны түрлі форматтағы шаралармен толықтырылды. Қатысушыларға «Әже және «служба безопасности»» атты театрландырылған қойылым ұсынылып, онда телефон және интернет алаяқтарының әрекет ету тәсілдері сахналық көрініс арқылы көрсетілді. Бұл қойылым жастарға алаяқтық схемаларын күнделікті өмірдегі мысалдар арқылы түсінуге мүмкіндік берді.Сонымен қатар жастар арасында тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырылып, қатысушылар өзара бақ сынады. Экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы үздік жобалардың авторлары мен белсенді жастар марапатталды.Іс-шара соңында заңсыз әрекеттер мен қоғамға кері әсер ететін зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған символдық акция ұйымдастырылды. «Менің таңдауым – заң және қаржылық қауіпсіздік» форумы жастарға құқықтық, қаржылық және цифрлық қауіпсіздік мәселелері бойынша пайдалы ақпарат беріп қана қоймай, заңды сақтау, жауапты шешім қабылдау және өз қауіпсіздігіне бейжай қарамау қағидаттарын насихаттаған маңызды алаңға айналды.

Жастардың саналы таңдауы – қауіпсіз қоғамның негізі. Ал заң мен тәртіпті құрметтеу – осы таңдаудың басты өлшемдерінің бірі.