Перейти к содержимому

Кибералаяқтық өршіп барады

51 қаралым

Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен Шелек полиция бөлімі бірлесіп, тұрғындар арасында интернеттегі алаяқтық пен киберқылмыстың алдын алу, азаматтардың қаржылық және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бүгінде интернет пен цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізде кеңінен қолданылуы азаматтарға көптеген мүмкіндіктер бергенімен, оның көлеңкелі тұстары да бар. Атап айтқанда, алаяқтар түрлі психологиялық тәсілдерді пайдалана отырып, азаматтардың жеке деректерін, банк карталарының мәліметтерін және қаражатын иемденуге әрекет жасайды. Осыған байланысты тұрғындардың интернеттегі қауіпсіздік талаптарын білуі және күмәнді жағдайларда дұрыс әрекет етуі маңызды.

Бірлескен профилактикалық іс-шаралар мен рейдтер барысында аудан әкімдігінің қызметкерлері мен полиция қызметкерлері тұрғындармен тікелей кездесіп, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері және одан қорғану жолдары туралы түсіндірді.

«Интернет алаяқтық күннен күнге өршіп барады. Өкінішке қарай, мұндай қылмыс түрінің белең алуына азаматтар арасындағы бейқамдық та себеп болып отыр. Интернет-дүкендер мен әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қараңыздар. Тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем жасаудан бұрын ақпараттың дұрыстығын тексеру, белгісіз сайттарға банк картасының деректерін енгізбеу керектігін есте ұстаңыздар», – деген Шелек полиция бөлімінің бастығы Шоң Ынтымақ интернет алаяқтардың тұзағына телефонның қыр-сырын түсіне бермейтін зейнеткерлермен қатар орта жастағы азаматтар да, жастар да түсіп жататынын айтты.

Сонымен қатар, тұрғындарға фишингтік сілтемелердің қаупі туралы да ақпарат берілді.

«Алаяқтар азаматтарға сәлемдеме жеткізу, әлеуметтік төлем алу, жүлде немесе ұтысқа ие болу, банк шотына қатысты мәселе туындағаны жөніндегі жалған хабарламаларды жолдауы мүмкін. Мұндай хабарламалардағы күмәнді сілтемелерді ашу немесе белгісіз қосымшаларды орнату жеке деректеріңіздің таралуына апаруы мүмкін», – деген Шоң Шораұлы тұрғындарға алаяқтар хабарласқан жағдайда қалай әрекет ету керектігі жөнінде: «Алаяқтың талаптарын орындамай, ең алдымен, күмәнді қоңырауды дереу тоқтату керек. Егер алаяқтық әрекетке тап болғаныңызға күмәндансаңыз немесе қаржылық операция орын алса, дереу 102 нөміріне және тиісті банктің ресми жедел желісіне хабарласыңыз», –   деді.

Кездесу барысында тұрғындарға ақпараттық жадынамалар таратылып, телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың негізгі белгілері түсіндірілді. Полиция қызметкерлері азаматтарға өзін банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі немесе басқа да ұйымдардың қызметкері ретінде таныстыратын бейтаныс адамдардың қоңырауларына сақтықпен қарау қажеттігін ескертті.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы