
18-20 қыркүйекте Баку қаласында XVIII Халықаралық Үзейір Гаджибейлі музыка фестивалі аясында Түркі әлемі композиторларының | Құрылтайы өтті. Жоба Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры тарапынан ИСЕСКО-ның Баку өңірлік кеңесі, Әзербайжан Композиторлар одағы және Әзербайжан ұлттық консерваториясымен бірлесіп жүзеге асырылды. Құрылтайды Бірінші Баку түркологиялық конгресінің 100 жылдығына, Низами Гәнжауидің 885 жылдығына және Әлішер Науаидың 585 жылдығына орай Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Әзербайжан Республикасы Мәдениет Министрлігі ұйымдастырды.
Құрылтайдың ауқымды бағдарламасы институционалдық, ғылыми және концерттік бағыттарды қамтыды. Үш күн ішінде пленарлық және құрылтай отырыстары, халықаралық, дөңгелек үстел, тақырыптық көрмелер, сондай-ақ симфониялық, камералық және дәстүрлі музыка концерттері жоғары деңгейде өтті. Негізгі іс-шара 18 қыркүйектегі галаконцерттен бастау алды. Концертке Үзейір Гаджибейлі атындағы Әзербайжан мемлекеттік симфониялық оркестрі мен түркі әлемінен шақырылған өнерпаздар қатысып, салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ал Түркі әлемі композиторлары I Құрылтайының салтанатты ашылуы 19 қыркүйекте Бакудегі Әзербайжан композиторлар одағында өтті.

Құрылтайда композиторлар, орындаушылар, музыкатанушылар мен музыкалық ұйымдар арасындағы кәсіби ынтымақтастықты дамыту арқылы түркі әлемінің біртұтас музыкалық кеңістігін қалыптастыру мақсаты көзделді. І Құрылтай жұмысына құрметті қонақтар – Әзербайжан Республикасы Президенті Әкімшілігінің гуманитарлық саясат, диаспора, көпмәдениеттілік және діни мәселелер жөніндегі бөлімінің жетекшісі Фарах Алиева, Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Адиль Керимли, Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрінің орынбасары Мурад Гусейнов, Әзербайжан Композиторлар одағының төрайымы Фирангиз Ализаде, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Үзейір Гаджибейли атындағы Баку музыкалық академиясының ректоры Фархад Бадалбейли, Әзербайжан Ұлттық консерваториясының ректоры Камиля Дадаш-Заде, Қарабақ мемлекеттік университетінің өнер факультетінің деканы Туркар Гасымзаде, Қазақстан Республикасы Композиторлар қауымдастығының төрағасы Артық Тоқсанбаев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының академиялық мәселелер жөніндегі қызметінің жетекшісі Гүлнар Абдрахман, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ғылыми-редакциялық бөлімінің жетекшісі Дамир Оразымбетов және Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан, Мажарстанның көрнекті өкілдері қатысты. Рухани шара барысында түркі әлемі елдерінің композиторлық және музыкалық ұйымдарын біріктіру, ортақ музыкалық мұраны сақтау және дамыту, заманауи композиторлық мектептерді қолдау, жаңа бірлескен музыкалық шығармалар жасау, шығармашылық және академиялық алмасулары дамыту, түркі әлемінің музыкасын халықаралық сахнада насихаттау, музыкалық дипломатияны дамыту жолға қойылды.

Мәдени мұралары өнер ағынында тоғысқан Құрылтайдағы тарихи сәт Turkic Union of Composers (TUC) – Түркі әлемі композиторлары одағының құрылуы болды.Одан кейін TURKIC UNION OF COMPOSERS (TUC) құрылтай отырысы Түркі мәдениеті және мұрасы қорының штаб-пәтерінде ұйымдастырылды.

Халықаралық басқосуда сөз алған Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова алғашқы Құрылтайды Әзербайжан астанасы Бакуде өткізудің маңызына тоқталды.
– Бірінші Құрылтайдың өткізілуі және Turkic Union of Composers (TUC) ұйымының дәл Бакуде құрылуы терең мәнге ие. Көрнекті композиторлық мектебі мен бай музыкалық дәстүрлері бар Әзербайжан түркі әлемінің шығармашылық әлеуетін біріктіріп, оны әлемдік аудиторияға танытуға бағытталған жаңа халықаралық платформаның бастамашысы болып отыр», – деді Ақтоты Рахметоллақызы.


Алқалы жиындағы айтулы оқиға жаңа халықаралық кәсіби платформа құрылып, Баку декларациясына қол қойылды. Ауқымды шара аясында қабылданған Баку декларациясы алдағы уақытта түркі халықтарының бірлескен жұмысының негізгі бағыттарын айқындайды. Әсіресе халықаралық музыкалық жобаларды жүзеге асыру, жаңа туындылар жасау, фестивальдер, байқаулар мен композиторлық резиденциялар өткізу, Түркі әлемінің заманауи музыкасы Антологиясын шығару және партитуралардың цифрлық кітапханасын қалыптастыру, осының барлығы Түркі әлемі композиторлары одағы арқасында жүзеге асады. Ондағы ұзақмерзімді негізгі бастамалардың бірі – дарынды жас орындаушыларды біріктіріп, заманауи түркі музыкасын халықаралық концерттік алаңдарда таныстыратын Түркі әлемінің жастар симфониялық оркестрін құру. Сол арқылы бүкіл әлемге түркі халықтарының бай музыкалық мұрасын дәріптеу, таныту, насихаттау. Келесі кезекте Түркі әлемі композиторларының І Құрылтайы қорытындыланып, TUC құрылуына орай баспасөз конференциясымен жалғасты.Сол күні кеште «CADENZA» заманауи музыка камералық оркестрінің қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Онда Үзейір Гаджибейлі, Фикрет Әміров, Қара Қараев және түркі әлемінің басқа да классик және заманауи жазушылардың шығармалары орындалды. Халықаралық шара 20 қыркүйек күні «Түркі композиторлық мектептерінің қалыптасуы мен дамуы: мәдени бірегейлікті іздеу жолында» атты дөңгелек үстелге ұласты. Іс-шара М. Ф. Ахундов атындағы Әзербайжан ұлттық кітапханасында ұйымдастырылды. Оған Әзербайжан Мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің оқытушысы Ваффа Аббасова, Ү. Гаджибейли атындағы Баку музыкалық академиясының «Музыка тарихы» кафедрасының профессоры Кямаля Алескерли, Әзербайжан ұлттық консерваториясының профессоры Улькяр Алиева, Ү. Гаджибейли атындағы Баку музыкалық академиясының композиция кафедрасының доценті Бугар Джамалзаде, Әзербайжан Мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің оқытушысы Тахир Ибишев, Ү. Гаджибейли атындағы Баку музыкалық академиясының доценті Арзу Мамедова, Әзербайжан ұлттық консерваториясының Ғылым, шығармашылық және халықаралық байланыстар орталығының директоры Гүлнара Манафова, Ү. Гаджибейли атындағы Баку музыкалық академиясының «Музыка теориясы» кафедрасының меңгерушісі Кенуль Насирова және Ү. Гаджибейли атындағы Баку музыкалық академиясының профессоры Гюльзар Махмудова қатысты. Бұдан кейін Халықаралық муғам орталығында дәстүрлі музыкалық концерт өтті. Концерттік бағдарлама құрметті қонақтарды бір серпілтіп, түркі халықтарының музыка әлеміне сапар шектірді. Үш күнге созылған халықаралық шара барысында 2032 жылға дейінгі Жол картасы жобасы бойынша ұзақмерзімді бастамалар қозғалды. Оның ішінде Құрылтайды түркі әлемінде тұрақты түрде өткізу, заманауи классикалық музыканың халықаралық фестивальдерін ұйымдастыру, түркі әлемінің заманауи музыкасы Антологиясын шығару, Turkic Heritage платформасы негізінде партитуралардың цифрлық кітапханасын құру, Turkic Music Awards халықаралық сыйлығын тағайындау, композиторларға арналған шығармашылық резиденциялар ұйымдастыру, Түркі әлемінің жастар симфониялық оркестрін құру жоспарлары бар. Айта кетейік, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлованың сөзінше, мұндай Құрылтайды түркі әлемі елдерінде кезекпен тұрақты түрде өткізу жоспарлануда. Бакуден кейін, келесі кезекте музыкалық эстафетаны Алматы, Бішкек, Ыстанбұл, Ташкент, Ашхабад және Будапешт секілді түркі шаһарлары қабылдамақ. Осылайша, Бакуде құрылған платформа халықаралық деңгейде тұрақты дамып, түркі әлемі елдерінде өз жалғасын таппақ. Бірінші Құрылтай халықаралық деңгейде өтіп, өз мәресіне жеткенмен де оның атқаратын қызметі енді басталмақ. Ендігі кезекте түркі әлемінің музыкалық мұрасы, мәдениеті мен руханияты жанданған үстіне жандана бермек. Өйткені, алдағы уақытта Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ұйытқы болуымен түркі әлемінің өнеріне бүкіл әлем таңдана қарайтын болады.

Алтынай СЕЙІТКЕН