Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Отбасы және гендерлік саясат мәселелері талқыланды

Отбасы және гендерлік саясат мәселелері талқыланды

132 қаралым

Алматы облысы Алатау қаласының Еңбек шағынауданында «Заманауи қоғамдағы отбасы және гендерлік қатынастар: өзекті мәселелер мен даму бағыттары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Алатау қаласы әкімінің орынбасары Гүлбану Несіпбаева қатысып, жиынның ашылуында сөз сөйледі. Ол өз сөзінде отбасы институтын нығайтудың, отбасылық құндылықтарды сақтаудың және гендерлік теңдікті қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, аталған бағыттар бойынша мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруда қоғам болып бірлесе әрекет етудің маңызын атап өтті.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат саласындағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылу барысын талқылау, өзекті мәселелерді анықтау және оларды шешу жолдарын қарастыру.

Кездесу барысында қатысушылар отбасы құндылықтарын дәріптеу, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, гендерлік қатынастарды дамыту және отбасыларды қолдау бағытындағы жұмыстар жөнінде пікір алмасты.

Мұндай кездесулер өзекті мәселелерді ортақ талқылауға, тиімді тәжірибелермен бөлісуге және алдағы міндеттерді айқындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, отбасы институтын нығайтуға және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жетілдіруге ықпал етеді.

Риза САУРБАЕВА

Алатау қаласы

↑