Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және «Оқитын ұлт» идеясын ілгерілету жөніндегі бастамалары аясында Алматы облысында «Шоқан жүрген жолмен – зерделі ұлт жолында» атты тарихи-танымдық көркем жоба жүзеге асырылды. Жобаның қорытынды кезеңі Шоқан Уәлихановтың тарихи сапарларымен байланысты киелі мекендердің бірінен саналатын Еңбекшіқазақ ауданының Түрген шатқалында өтті. Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы мен Еңбекшіқазақ аудандық кітапханасының ұйымдастырған «Шоқан – даналықтың дара шыңы, ұлылықтың жарасымы» атты аудандық пленэрге кітапханашылар, ұстаздар, оқушылар, жас суретшілер мен қонақтар қатысты.
Шараның ашылуында «Шоқан – ұлылықтың жарасымы» жобасының авторы Аршагүл Тойбаева, Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева және аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Дархан Ахметов тарихи мұраны сақтау, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және жас ұрпақтың рухани танымын кеңейту мәселелеріне тоқталды.
Пленэрдің негізгі бөлігі жас суретшілердің «Шоқанның көзімен» тақырыбындағы шығармашылық жұмыстарына арналды. Түрген шатқалының табиғатын тамашалай отырып, оқушылар өз туындыларына туған өлкенің көркем келбетін, тарихи мекеннің ерекшелігін және Шоқан тұлғасына деген құрметін арқау етті. Сұлтан Көзайым Шоқанға арналған өлең оқып, Клара Есимова «Туған жер» әнін орындады. Қайназар орта мектебінің 7-сынып оқушысы Мерей Жұманның «Ақбұлақ» әні де шараның көркемдік мазмұнын байыта түсті. Д. Қонаев атындағы және Көктөбе орта мектептерінің оқушылары «Бала Шоқан» атты театрландырылған көрініс ұсынса, Абылай хан атындағы орта мектеп оқушылары «Шоқан салған ізбенен» қойылымы арқылы ғалымның өмірі мен зерттеушілік жолын сахналады. «Өнеге әжелер» тобының Шоқанға арналған арнауы мен батасы ұлттық тәрбие мен ұрпақтар сабақтастығын айшықтады.
Шелек тарихи-өлкетану музейінің өкілі Алмасбек Қуанәлі тарихи мұраны сақтау мен өлке тарихын танытудың маңызына тоқталды. Сонымен қатар «Шоқан мұрасы – ұлт қазынасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, қатысушыларға ғалымның өмірі мен еңбектері туралы әдебиеттер таныстырылды.
Шара соңында жас суретшілер өз жұмыстарын таныстырып, шығармашылық ізденістерінің нәтижесін ортаға салды. Жобаға белсенді қатысқан оқушылар мен ұстаздарға, өнерпаздар мен қатысушыларға мадақтамалар табысталып, естелік сыйлықтар тарту етілді.
Олжас ЕСЕНГЕЛДІ,
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының қызметкері
