Алматы облысында мектеп ұжымы мен оқушылар арасында жемқорлыққа қарсы күресті насихаттау, білім ошақтарында үштік одақ арасындағы өзара қарым-қатнасты нығайту мақсатында жалпы білім беретін мектептердің қатысуымен байқау өткізілді.
Бірегей жобаның өтуіне Алматы облысы білім басқарасы мен Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаменті бастамашы болды.
«2014 жылдан бері Ссыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Алматы облысы бойынша департаментімен бірлесе жұмыс атқарып келеміз, мектептер мен орта білім беретін колледж қабырғаларында «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» жастар клубы құрылды. Бұл өз кезегінде мектеп жасындағы балалардың тәліміне сыбайлас жемқорлықпен күресті сіңіруге ықпал етеді. Таза қоғамды құру үшін баршамыз бірге атсалысуымыз керек», – деді Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұратын сананы қалыптастыру үшін ұйымдастырылған аталмыш байқау облыс көлемінде жылға жуық уақыт жалғасты. Өңірде тұңғыш рет өткізілген жобаға 16 мектеп қатысты.
Жарыста бақтарын сынаған ұстаздар мен оқушылар байқау талаптарына сәйкес, арнаулы тақырыпта эссе жазып, тест тапсырмаларын орындап, жағдаяттардан шығудың шешімін көрсетті. Сондай-ақ, жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа қатысты бейне-ролик жасап шығарған. Комиссия мүшелері әр тапсырманың орындалу деңгейімен, айтар ойдың жұмырлығына, берер тәлімнің тереңдігіне баса назар аударды.
Топ ішінен дараланып, оза шапқандардың бірі – «Парасат» тобы.
Балқаш ауданының намысын қорғаған, Береке орта мектебінің ұстаздары мен оқушылары орындаған әр тапсырма сыннан сүрінбей өтіп, жүлделі бірінші орынға лайық деп танылды.
«Балқаш ауданында 5226 бала «Адал ұрпақ» клубының мүшесі. Бүгінгі күні бұл байқауда дара шықсақ, осы атқарылған жұмыстың нәтижесі деп білеміз. Болашақта облыстағы барлық білім ордаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар жүйелі түрде жүргізетін болса, үлкен нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын», – дейді Береке орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Ақын Сейсекеұлы.
Сайыс қорытындысы бойынша 9 мектеп жүлдегерлер қатарынан көрінді. Барша жеңімпаздарға Алматы облысының білім басқармасының I, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдары мен қаржылай сертификаттар, кубоктар табысталды.