«Әділет» партиясы Жамбыл аудандық филиалының бастамасымен инклюзивті білім беру саласындағы ерекше білім беруді қажет ететін балаларға Алматы қаласындағы заманауи өнер музейіне танымдық саяхат ұйымдастырылды.
Аталған партия бөлімшесінің басшысы Әділбек Қамбарұлы балалармен бірге саяхаттап, олардың музей жәдігерлеріне деген қызығушылығына куә болды. Бұл игі шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейту, өнерге деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілетін дамыту және өзара қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру.

«Әр баланың өзіне тән қабілеті мен мүмкіндігі бар. Олардың бойындағы талантты ашуға, қоғамға бейімделуіне қолдау көрсетуге және өмірдің жарқын сәттерін бірге сезінуге жағдай жасау – баршамызға ортақ міндет. Инклюзия – бұл тек тең мүмкіндік беру ғана емес, әр баланы түсіну, қабылдау, құрметтеу және оның қоғамда өз орнын табуына ықпал ету. Балалардың жүзіндегі шаттық пен шынайы күлкі – осындай игі бастамалардың нәтижесі. Өйткені әрбір бала жарқын болашаққа лайық», – дейді Әділбек Қамбарұлы.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы
