Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында рухани келісімді нығайту мәселелері талқыланды

Алматы облысында рухани келісімді нығайту мәселелері талқыланды

289 қаралым

Рухани келісім күніне орай Алматы облысында «Рухани келісім – әділетті елдің мызғымас құндылығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шарада конфессияаралық татулықты сақтау, дінаралық диалогты дамыту және қоғамдағы өзара сыйластықты нығайту мәселелері талқыланды.

Алматы облысы Дін істері басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған басқосуға Діни бірлестіктер көшбасшылары клубының мүшелері, өңірдегі түрлі конфессия өкілдері, дінтанушы ғалымдар мен тәуелсіз сарапшылар қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – қоғамдағы рухани келісімнің маңызын дәріптеу, діни сенім бостандығы мен өзара құрмет қағидаттарын нығайту, сондай-ақ өңірдегі конфессияаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту.

Жиынның ашылуында сөз сөйлеген Алматы облысы Дін істері басқармасының басшысы Ерғали Көшеке дінаралық келісімнің ел тұрақтылығын қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды. Оның айтуынша, түрлі діни көзқарастарға құрметпен қарау, өзара түсіністік пен сенімді қалыптастыру – қоғамдағы бірлік пен ынтымақты сақтаудың маңызды шарттарының бірі.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар конфессияаралық келісімді нығайту, этносаралық татулықты сақтау және діни бірлестіктер арасындағы өзара байланысты дамыту жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар қоғамда өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруға, діни экстремизмнің алдын алуға және осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын жетілдіруге ерекше назар аударылды.

Қатысушылар рухани құндылықтарды дәріптеу мен түрлі сенім өкілдері арасындағы ашық диалогтың маңызын атап өтіп, конфессияаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды. Мұндай кездесулер өзекті мәселелерді бірлесе талқылауға, ортақ ұстанымдарды қалыптастыруға және қоғамдық келісімді нығайтуға жол ашады.

Алматы облысында бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, түрлі конфессия өкілдері арасындағы өзара түсіністікті дамыту – қоғамның үйлесімді дамуының маңызды бағыттарының бірі. Өйткені рухани келісім мен өзара сыйластық орныққан жерде ел бірлігі нығайып, ортақ құндылықтар салтанат құрады.

Іс-шара соңында конфессияаралық келісімді нығайтуға үлес қосқан Діни бірлестіктер көшбасшылары клубының белсенді мүшелеріне арнайы Алғыс хаттар табысталды.

«Алатау – Ақпарат»

↑