Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / «Ауылым – алтын бесігім!»: Алатау қаласында ұлттық өнер дәріптелді

«Ауылым – алтын бесігім!»: Алатау қаласында ұлттық өнер дәріптелді

165 қаралым

Алматы облысы Алатау қаласында «Ауылым – алтын бесігім!» атты аудан, қала мәдениет күндері байқауы аясында рухани-мәдени шара өтті. Тағылымды кештің мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеу, дәстүр сабақтастығын сақтау және туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру.
Алатау қаласының Мәдениет үйІнің өнерпаздары байқау талаптарына сәйкес барлық номинация бойынша өнерлерін ортаға салды. Дәстүрлі ән, терме, би, эстрадалық және аспаптық шығармаларды ұсынып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сахна төрінде Ерлан Дангүлбеков, «Алатау сазы» этно-фольклорлық ансамблі, опера әншісі Ләлә Бақытнұрқызы, Бағжан Ерғайып басқа да өнерпаздар өнер көрсетті. Ал Еркін Мәуленнің аспаптық орындауы кештің музыкалық шырайын аша түсті.


Мәдени бағдарламаның мазмұнын байыта түскен ерекше сәттердің бірі – Алатау қаласы Мәдениет үйі қызметкерлерінің орындауындағы «Дәуір үндестігі» театрландырылған қойылымы болды. Терең мазмұнға құрылған қойылым көрермендерді тарих пен бүгінгі күннің рухани сабақтастығына жетелеп, қонақтардың көңілінен шықты.
Сонымен қатар, «Кітап оқитын ұлт» және «Тарих тудырған тұлғалар» атты кітап көрмелері ұйымдастырылды. Көрмеге жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың кітаптары мен суреттері, сондай-ақ Мұқағали Мақатаевтың жыр жинақтары қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Бұл рухани-танымдық көрмелер қазақ әдебиетінің асыл мұрасын дәріптеп, оқырмандардың ұлттық әдебиет пен тарихқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Байқаудың әділ бағалануына белгілі өнер қайраткерлері мен танымал өнер майталмандарынан құрылған қазылар алқасы төрелік етті. Олар қатысушылардың орындаушылық шеберлігіне, сахналық мәдениетіне және ұлттық өнерді жеткізу ерекшелігіне баға берді.
«Ауылым – алтын бесігім» байқауы – ауылдың рухани мұрасын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған маңызды мәдени бастама. Алатау қаласының өнерпаздары өз өнерлері арқылы туған жерге деген құрметті, ұлттық мұраға деген сүйіспеншілікті және мәдени сабақтастықтың маңызын көрсетті.


Гүлнәзия ЖОЛДЫБАЕВА

Алатау қаласы

↑