Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ата-баба мұрасын сақтап, өткенді зерделеу арқылы бүгінгі мәдениетімізді дамыту – ұрпақ алдындағы маңызды міндет. Осы орайда туған өлкенің тарихын зерттеп, ел мен жер тағдырын, бабаларымыздың ерлігін, елдігін, бірлігі мен дәстүрін кейінгі ұрпаққа жеткізіп келе жатқан рухани ордалардың бірі – Балқаш аудандық тарихи-өлкетану музейі.

Музей тарихы 2003 жылдан бастау алады. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде бұл мекеме ауданның тарихи-мәдени мұрасын жинақтап, көпшілікке кеңінен таныстырып келеді. Мұндағы әрбір жәдігер – өткен заманнан жеткен үн, әрбір құжат – ел тарихының айғағы, әрбір экспозиция – туған өлкенің шежіресі.
Балқаш аудандық тарихи-өлкетану музейінің жаңа кейіпке енуі – еңбек ардагері Өксікбай Исабайұлының көптен бергі асыл арманы еді. Аманатқа адалдық танытқан немерелері Әйгерім Исабаева мен Дархан Кәкетай өз қаражатына жаңа музей ғимаратын салып, атасының асыл арманын ақиқатқа айналдырды. 2026 жылғы 7 наурызда жаңа мәдени мекеме ел игілігіне берілді.
Музей заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда келушілерге қолайлы жағдай жасалып, кең әрі жарық төрт экспозициялық зал орналасқан. Сонымен қатар арнайы қор сақтау бөлмелері де қарастырылған. Музей қорындағы әрбір жәдігердің өзіндік тарихы бар. Олардың әрқайсысы белгілі бір дәуірдің тыныс-тіршілігінен сыр шертіп, өткен мен бүгінді жалғастырып тұрған рухани көпір іспетті. Сол құнды мұралардың қатарында білтелі мылтық пен 1713 жылы жарық көрген Құран-Кәрім ерекше орын алады.
Білтелі мылтық сапалы ағаштан ойылып жасалған, ал шүріппесі мен ұңғысы темірден соғылған. Мұндай қарулар XVIII-XIX ғасырларда қазақ даласында аңшылықта және жаугершілік кезеңдерде кеңінен қолданылған. Сондықтан бұл жәдігерден сол заманның қару-жарақ жасау шеберлігін ғана емес, дала халқының тұрмыс-тіршілігін, аңшылық дәстүрін және ел қорғаған ерлердің өмір салтын да аңғаруға болады.
Ал музейде тұрған Құран-Кәрімнің тарихы үш ғасырға жуық уақытты қамтиды. Мәліметтерге сәйкес, қасиетті кітап 1713 жылы Сауд Арабиясындағы «Чұхрат» баспасында жарық көрген. Оны өлкеге Шағыр балғалы әулетінен шыққан атақты бай Манап-Жәмеңке Сауд Арабиясына сауда керуенімен барған кезінде алып келген екен.

Кейін бұл қасиетті кітап өлкеде әулиелігімен танылған Маралбай, Нысанбай бабаларымыздың және Шілмембет қажының қолында шамамен 46 жыл сақталған. Ел ішінде оның қасиеттілігіне ерекше мән беріліп, дұға-тілектер оқылып, сырқаттанған адамдарға рухани демеу ретінде пайдаланылған.
Қазіргі таңда музей қорында мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Олардың қатарында археологиялық олжалар, ұлттық тұрмыстық бұйымдар, қолөнер туындылары, тарихи тұлғаларға қатысты құжаттар мен фотосуреттер, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына байланысты материалдар, сондай-ақ ауданның табиғаты мен жануарлар әлемін таныстыратын экспонаттар бар.
Музей қоры жыл сайын жаңа жәдігерлермен толығып келеді. Бұл іске аудан тұрғындарының қосып отырған үлесі ерекше. Осы ретте музей ұжымы өздерінің отбасылық мұрасын ел тарихының ортақ қазынасына айналдырып жүрген барша азаматтарға шынайы ризашылығын білдіреді.
Бүгінде музейде 14 қызметкер еңбек етеді. Ұжым тарихи-мәдени мұраны сақтау және зерттеумен қатар, экскурсиялар, көрмелер, танымдық кездесулер мен түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, келушілерге сапалы қызмет көрсетеді. Музейге мектеп оқушылары, студенттер, аудан тұрғындары мен қонақтары тұрақты түрде келіп, туған өлкенің тарихымен танысуда. Әсіресе жас ұрпақ үшін музейдің тәрбиелік мәні зор. Тарихи жәдігерлерді көзбен көріп, олардың шығу тарихын білу – балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық құндылықтарға құрметін қалыптастырады.
Жаңа музей ғимаратының бой көтеріп, халық игілігіне берілуі – үлкен еңбектің нәтижесі. Осы ретте Өксікбай Исабайұлының асыл арманын жүзеге асырған Әйгерім Исабаева мен Дархан Кәкетайға аудан халқы зор ризашылығын білдіреді. Бұл игілікті іс туған жерге деген жанашырлықтың, ата аманатына деген адалдықтың және ел тарихына деген құрметтің жарқын үлгісі.
Балқаш аудандық тарихи-өлкетану музейі – өткенді ұлықтап, бүгінді бағалап, келешекке аманат жеткізетін рухани алтын тұғыр. Жаңа ғимараттың ашылуы музей тарихындағы жаңа белес болып, ауданның мәдени өміріне тың серпін береді деп сенеміз.
Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы
