
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласының 10-шағынауданда Тұрақты дамуға көмектесу орталығы қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Green School» жобасы аясында «World Cleanup Day – 2026» бірыңғай экологиялық акциясы өтті.

Алғашқы сөз кезегін алған аталған орталықтың департамент директоры Айжан Рысқұлова Қонаев қаласындағы бес мектептің оқушылары мен педагогтері бас қосқан бірыңғай экологиялық акцияның шаһардың тазалығына үлес қосып қана қоймай, қалдықтарды дұрыс сұрыптауды, командада жұмыс істеуді және табиғатқа ұқыпты қарауды үйренуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Акцияны ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, атсалысқандары үшін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына, Қонаев қаласының әкімдігі мен білім бөліміне, мектеп басшылары мен мұғалімдерге алғыс білдірді. Келесі кезекте Қонаев қалалық білім бөлімінің өкілі Серік Байшеков сөз алып, бүгінгі жас ұрпақ елдің келешегі болғандықтан, олардың мемлекеттің дамуы мен Мемлекет басшысы бастамашы болып, жаңа Конституцияда көрініс тапқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы шеңберінде қоршаған ортаның тазалығына үлкендермен бірге үлес қосқаны құптарлық екенін айта келе, алтын уақыттарын бөліп, осы шараға атсалысқандары үшін мектеп оқушылары мен мұғалімдерге ризашылығын жеткізді. Экологиялық акция басталмас бұрын жоба үйлестірушісі Ирина Завьялова қатысушыларды қауіпсіздік ережелерімен мұқият таныстырып, қалдықтарды пластик, алюминий банкалар, қағаз және картон, шыны, аралас қалдықтар санаттары бойынша бөлек жинау қажет екенін айтты. Егер табылған заттың қай санатқа жататынына сенімді болмаса, педагогтен немесе үйлестірушіден сұрау керек екенін айтты. Сөзінің соңында бүгінгі шараның тек қоқыс жинау ғана емес, қоршаған ортаға ұқыпты әрі жауапкершілікпен қараудың үлгісін көрсету екенін жеткізді.
– Бүгінгі экологиялық акция «Mitsubishi Corporation Foundation for EMEA» қорының қолдауымен жүзеге асырылатын «Green School» жобасы аясында өткізіліп жатыр. Бұл жоба оқушылардың экологиялық мәдениетін дамытуға, пайдалы әдеттерді қалыптастыруға және бастамаларды қолдауға бағытталған. Біз қаладағы барлық білім беру мекемелеріне осы жоба бойынша жұмыс істеуге ұсыныс жасағанбыз. Ұсынысымызды орта мектеп-гимназиясы, қазақ орта мектеп-лицейі, Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектеп пен №2 және №3 орта мектептер қабыл алды. Аталған бес білім ордасына ауызсуды тазартуға арналған құрылғылар орнатылып, қалдықтарды бөлек жинайтын жабдықтар қойылды. Онда жиналған қалдықтарды біздің орталықпен меморандумға отырған компания алып кетіп, қайта өңдеу зауыттарына жеткізеді. Сондай-ақ мектептерде экологиялық сабақтар мен тәжірибелік іс-шаралар өткізіледі. Бұл жобаның «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан экологиялық ағарту және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатымен ұштасып жатқанын атап өткен жөн, – деді Тұрақты дамуға көмектесу орталығының департамент директоры Айжан Рысқұлова.

Экологиялық акция барысында әр мектептен келген оқушылар өздеріне бекітілген аумақта педагогтермен бірге жүріп, тазалық жұмысын жүргізді. Жауапты мұғалімдер оқушылардың қауіпсіздігін қадағалап, қалдықтардың дұрыс сұрыпталуын бақылап, толтырылған қаптарды жинау мен таңбалауды ұйымдастыруға жәрдемдесті. Ұйымдастырушылар қоқыс салынған қаптарды бес санат бойынша санап, суретке түсіріп, қайта өңдеуге жіберуге дайындады. Тазалық шарасының нәтижесінде қаланың 5 мектебінен келген оқушылар жинаған 15 қап алюминий мен 14 қап пластик қалдықтары қайта өңдеуге жөнелтілді.

«World Cleanup Day – 2026» бірыңғай экологиялық акциясы мәресіне жеткен соң, Тұрақты дамуға жәрдемдесу орталығы өкілдерінің ұйымдастыруымен ортақ флешмоб, қаппен секіру және арқан тарту сайыстары өтті. Қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан сый-сияпаттар берілді. Сонымен бірге экологиялық акцияны қолдағаны және оған белсене қатысқаны үшін мектеп ұжымдарына Алғыс хаттар табысталды.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы
