Алатау қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Қоянқұс, Ынтымақ, Жетіген және Заречный шағынаудандарын қамтыған ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Экологиялық акцияның негізгі мақсаты – қала аумағының тазалығын сақтау, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жандандыру және тұрғындар арасында қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру.
Сенбілікке қала әкімдігінің қызметкерлері, қала белсенділері мен Мәдениет үйінің қызметкерлері қатысып, шағынаудандардың көшелері мен қоғамдық аумақтарын тұрмыстық қалдықтардан тазартуға атсалысты. Қатысушылар аумақтарды ретке келтіріп, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізді.

Сонымен қатар, қала көшелерін көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінді. Жаңа көшелерге шырша көшеттері отырғызылып, қаланың жасыл желек қорын молайтуға қадам жасалды. Аталған жұмыстар елдімекендердің көркін арттыруға, қолайлы әрі экологиялық таза орта қалыптастыруға бағытталған.
Абаттандыру мен көгалдандыру – қаланың сәулеттік келбетін жақсартумен қатар, тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі. Осы ретте ағаш отырғызу, қоғамдық аумақтарды таза ұстау және жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстарының маңызы зор. Өйткені бүгін отырғызылған әрбір көшет – болашақта қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосатын табиғи байлық.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы мұндай шаралар қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға, қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруға және тұрғындарды ортақ іске жұмылдыруға ықпал етеді.
Алатау қаласында тазалық сақтау, аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Қаланың көркі мен тазалығы – баршаға ортақ жауапкершілік. Сондықтан туған жердің тазалығын сақтау мен оны көркейтуге әрбір тұрғынның үлес қосуы маңызды.
Роза ҮМБЕТОВА
Алатау қаласы
