Жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып, түрлі құқықбұзушылықтың алдын алу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе интернет алаяқтық пен есірткіге қатысты қауіп-қатерден сақтану бүгінгі жастар үшін аса маңызды.
Осы мақсатта жуырда Ұйғыр ауданы полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Дамир Маратұлы Шонжы ауылындағы Илья Бахтия атындағы орта мектептің оқушыларымен кездесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді.
Кездесу барысында интернет кеңістігінде кездесетін алаяқтық әрекеттердің кең таралған түрлері сөз болды. Полиция майоры жалған қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу қажеттігін түсіндірді. Сондай-ақ интернеттегі кез келген ақпаратқа сене бермей, сақтық танытудың маңызына тоқталды.
Оқушыларға есірткі заттарының адам денсаулығына тигізетін зияны, нашақорлықтың ауыр салдары және есірткіге байланысты құқықбұзушылықтардың заң алдындағы жауапкершілігін түсіндіріп, жасөспірімдерді зиянды әдеттерден аулақ болып, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Мұндай кездесулердің маңызы – оқушыларға қауіптің алдын алуды үйретіп қана қоймай, әр әрекеттің салдары болатынын ұғындыру. Заңды білу, тәртіпті сақтау және күмәнді жағдайларда дұрыс шешім қабылдау – қауіпсіз өмірдің негізгі шарттары.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы
