Тазалық – мәдениеттіліктің белгісі, ал қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың міндеті. Бүгінгі таңда табиғатты аялау, қоршаған ортаны таза ұстау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру қоғам үшін маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Осы мақсатта елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы жүзеге асырылуда.
«Таза Қазақстан» – туған жеріміздің табиғатын қорғауға, көшелер мен қоғамдық орындарды таза ұстауға және халықтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған игі бастама. Оның аясында сенбіліктер ұйымдастырылып, ағаштар отырғызылып, өзен-көлдердің жағалаулары мен саябақтар тазаланады. Мұндай жұмыстар еліміздің көркеюіне және табиғи байлықтарымыздың сақталуына үлкен үлес қосады.
Табиғатты қорғау тек мемлекеттік ұйымдардың немесе арнайы мекемелердің міндеті емес. Бұл – әрбір адамның азаматтық борышы. Көшеге қоқыс тастамау, суды үнемдеу, ағаштарды күтіп-баптау, қоршаған ортаны ластамау сияқты қарапайым әрекеттердің өзі үлкен нәтижеге жеткізеді. Әсіресе, жас ұрпақтың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті қалыптастырудың маңызы зор.
Таза қоршаған орта – адам денсаулығының кепілі. Ауасы таза, көшелері көрікті, табиғаты қорғалған елде өмір сүру – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Сондықтан әрбір азамат «Таза Қазақстан» бастамасын қолдап, өз ауласынан, өз көшесінен және өз ортасынан тазалықты бастауы қажет.
Қорытындылай келе, «Таза Қазақстан» – тек тазалық шарасы ғана емес, ол еліміздің болашағына бағытталған маңызды қадам. Туған жерді таза ұстау арқылы біз келер ұрпаққа көрікті де көркем Қазақстанды аманат етеміз. Таза ел болу – әрқайсымыздың қолымызда!
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

