Перейти к содержимому
Басты бет / Әлеумет / 400 АЕК гранты – кәсіпкер Тотының кәсібіне тың серпін берді

400 АЕК гранты – кәсіпкер Тотының кәсібіне тың серпін берді

27 қаралым

Алатау қаласының Жетіген шағынауданының тұрғыны, көпбалалы ана Таласбанва Тоты мемлекеттік гранттың арқасында өз кәсібін дамытуға жаңа мүмкіндік алды. 2026 жылы «Мансап» орталығы арқылы 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болған кәсіпкер бұл қаражатты мейрамханасының жұмысын жандандыруға, асүй жабдықтарын жаңартуға және жаңа жұмыс орындарын сақтауға бағыттады.

Кәсіп бастау – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін іс. Әсіресе, отбасындағы жауапкершілікті қатар алып жүріп, жеке кәсібін дамытуға ұмтылған көпбалалы ана үшін әрбір қолдау мен мүмкіндік аса маңызды. Жетіген шағынауданында тұратын Таласбанва Тоты да өз еңбегімен кәсібін өрге сүйреп келе жатқан жандардың бірі.

Кәсіпкердің осы қалада «Дана» атты мейрамханасы бар. Алайда бизнесті дамыту барысында асүйге қажетті құрал-жабдықтарды толықтыру, өндірістік мүмкіндікті арттыру және қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелері туындаған. Қаражаттың шектеулі болуына байланысты қажетті жабдықтардың барлығын бірден сатып алу мүмкін болмаған.

Осы ретте «Мансап» орталығы арқылы берілген 400 АЕК көлеміндегі мемлекеттік грант кәсіпкерге үлкен қолдау болды. Бөлінген қаржыға Таласбанва Тоты мейрамхананың асүйіне қажетті екі үлкен пеш пен темір үстелдер сатып алды. Жаңа жабдықтар нан мен самса пісіру жұмысын жүйелі ұйымдастыруға, асүйдің жұмысын жеңілдетуге және өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік берді.

«Бұл грант кәсібімді дамытуға үлкен серпін берді. Бұған дейін асүйге қажетті жабдықтардың бәрін бірдей алуға қаржылық мүмкіндік бола бермейтін. Мемлекеттік қолдаудың арқасында екі үлкен пеш пен қажетті темір үстелдер сатып алып, жұмысымызды жақсартуға жол ашылды. Бұл – кәсібіміздің алға басуына жасалған маңызды қадам», – дейді кәсіпкер.

Бүгінде «Дана» мейрамханасы тек кәсіп иесінің отбасына табыс әкелетін орын ғана емес, сонымен қатар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға үлес қосып отырған кәсіпкерлік нысан. Қазіргі таңда Таласбанва Тоты өз кәсібі арқылы 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл – шағын кәсіпкерліктің жергілікті экономикаға қосқан нақты үлесінің көрінісі.

Мемлекеттік гранттың маңызы тек қажетті жабдық сатып алумен шектелмейді. Мұндай қолдау кәсіпкердің өз ісін кеңейтуіне, қызмет сапасын жақсартуына, табысын арттыруына және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына ықпал етеді. Ал кәсіптің дамуы жаңа жұмыс орындарының сақталуына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға оң әсерін тигізеді.

Таласбанва Тотының еңбек жолы – табандылық пен еңбектің, мүмкіндікті тиімді пайдаланудың үлгісі. Көпбалалы ана ретінде отбасы алдындағы міндетін атқара жүріп, кәсіпкерлікті дамытуы оның жауапкершілігі мен іскерлігін көрсетеді.

400 АЕК көлеміндегі грант кәсіпкер үшін жай ғана қаржылай көмек емес, алға қойған мақсатын жүзеге асыруға берілген мүмкіндік. Өз кәсібін дамытып, алты адамды жұмыспен қамтып отырған Таласбанва Тотының бастамасы шағын кәсіпкерлікті қолдаудың маңызын тағы бір мәрте айқындайды.
Толқын Одашқызы

Алатау қаласы

↑