Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жолдауға – қолдау: Сапалы білімге серпін

Жолдауға – қолдау: Сапалы білімге серпін

53 қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын насихаттау мақсатында ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Іле ауданы Байсерке ауылындағы №28 мектеп гимназиясында білім саласы қызметкерлерімен кездесті.
Жүздесуде ұстаздардың еңбегін бағалау, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңа білім ошақтарын салу, оқыту сапасын арттыру және балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелері сөз болды. Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, ең төменгі жалақыны көтеру және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бағытындағы мемлекеттік бастамалар да назардан тыс қалмады.
Жиынды Іле аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мәден Мұсаев жүргізді. Кездесуге Қазақстан Республикасы Құрылтайының І шақырылым депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Мейраш Шынасылова және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев қатысты. Алғашқы болып сөз алған Жанарбек Әшімжан Мемлекет басшысының Жолдауда белгілеген негізгі басымдықтарға тоқталып, әсіресе адами капиталды дамыту, білім сапасын көтеру және педагогтерге қолайлы еңбек жағдайын жасау мәселелеріне назар аударды. Оның айтуынша, елдің ертеңі саналатын білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеу – тек мектептің немесе мұғалімнің міндеті емес. Бұл ретте ата-ана мен қоғамның да жауапкершілігі жоғары. Ал мемлекеттің міндеті – сапалы білім беруге қажетті жағдайды қалыптастырып, білім беру ұйымдарының тұрақты дамуына мүмкіндік жасау. Ол өз сөзінде:
— Президенттің биылғы Жолдауында мұғалімдерді қолдауға айрықша мән берілген. Саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздардың ғана емес, ата-аналар мен тұтас қоғамның ортақ міндеті. Сонымен қатар елімізде мектеп құрылысына қатысты ауқымды жоспарлар белгіленіп отыр. Жаңа білім ордалары ірі қалаларда ғана емес, шалғай ауылдар мен аудан орталықтарында да бой көтермек. Мұның барлығы өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына лайықты жағдай жасауға бағытталған, – деді. Сондай-ақ депутат білім беру саласындағы бастамалармен қатар ел дамуына тікелей әсер ететін өзге де маңызды бағыттарды атап өтті. Атап айтқанда, туризмді өркендету, жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселелерінің маңыздылығына тоқталды. Қоғам қайраткерінің пайымынша, бұл міндеттердің барлығы өңірлердің әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сондықтан әрбір бастаманың нәтижесі халықтың өмірінен көрініс табуы керек.
Келесі кезекте сөз алған Мейраш Шынасылова өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа нысандар салу бағытында қолға алынған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Іле ауданында қазірдің өзінде үш мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал 2027 жылы тағы екі білім ордасын салу жоспарланған. Бұл – аудан халқы санының өсуіне байланысты білім беру мекемелеріне түсетін жүктемені азайтып, оқушыларға қолайлы орта қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Депутат алдағы 2027 жылдың «Жалпыұлттық үлкен құрылыстар жылы» ретінде белгіленуіне байланысты елімізде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асатынын жеткізді. Жалпыұлттық жоспар аясында денсаулық сақтау саласында 70-ке жуық нысан, ал білім, спорт және мәдениет бағыттарында шамамен 50 нысан салу көзделген.
— Қазір Іле ауданында үш мектептің құрылысы жүріп жатыр. Келер жылы тағы екі білім ошағын салу жоспарланып отыр. Бұл – өте маңызды жұмыс. Өйткені халық санының артуы мектептерге деген қажеттілікті де көбейтеді. Әрбір баланың сапалы білім алуына, заманауи талаптарға сай жабдықталған, жайлы ортада оқуына мүмкіндік жасалуы қажет. Білім беру инфрақұрылымын дамыту – елдің адами әлеуетін нығайтудың негізгі шарттарының бірі, – деді Мейраш Шынасылова.
Кездесу барысында депутат кәсіпкерлікті дамыту және салық саясатына қатысты мәселелерге де тоқталды. Оның сөзінше, жаңа Салық кодексінің қолданысқа енгізілуінен кейін бірқатар шағын кәсіпкерлік субъектілері өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болған. Бұл жағдай қосымша зерделеуді қажет етеді. Осыған байланысты көтерілген мәселелер назарға алынып, қалыптасқан ахуалды реттеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілмек. Сондай-ақ 2027 жылы кәсіпкерлерге қатысты бірқатар мәселені шешуге бағытталған шаралар әзірленіп жатқанын айтты.
Жиында әлеуметтік қорғау, еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру және бюджет саласы қызметкерлерінің тұрмыс сапасын жақсарту мәселелеріне де кеңінен орын берілді. Бұл бағытта Ербол Тұяқбаев білім беру ұйымдарында күнделікті қызмет атқаратын барлық маманның еңбегі елеусіз қалмауы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, мектептің қалыпты жұмыс істеуіне мұғалімдермен қатар кітапханашылар, күзетшілер, аула сыпырушылар және өзге де техникалық қызметкерлердің қосып отырған үлесі зор. Вице-министр алдағы уақытта ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл бастама ең алдымен табысы төмен азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Ол:
— Сіздердің әрқайсыңыз күнделікті еңбегімен елдің дамуына үлес қосып жүрген нағыз еңбек адамысыздар. Әрбір қызметтің өз орны бар. Мектептегі кітапханашы, күзетші, аула сыпырушы сынды мамандардың еңбегі де айрықша құрметке лайық. Осы орайда екі маңызды бағытты атап өткім келеді. Біріншісі – ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру. Бұл білім беру мекемелерінде еңбек ететін техникалық және қызмет көрсету персоналы үшін де маңызды қолдау болмақ, – деді. Оның мәліметінше, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны көтеру жөніндегі бастама Мемлекет басшысының Жолдауында көзделген. Аталған өзгеріс шамамен 1,8 миллион азаматты қамтиды деп жоспарлануда. Олардың қатарында бюджеттік салада еңбек ететін 370 мыңнан астам қызметкер бар. Бұл өз кезегінде жалақысы ең төменгі мөлшерге жақын азаматтардың табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Вице-министр атап өткен екінші маңызды бағыт – әлеуметтік төлемдер жүйесін жетілдіру. Оның айтуынша, мемлекеттік көмекті тағайындау кезінде азаматтардың нақты материалдық жағдайы ескерілуі тиіс. Яғни қолдау шаралары шынымен мұқтаж жандарға бағытталып, әлеуметтік көмектің атаулылығы мен тиімділігі артуы қажет.
Басқосуда ұстаздардың кәсіби құқықтарын қорғау, артық әкімшілік жүктемені қысқарту және инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері де талқыланды. Мемлекет басшысы педагогтердің негізгі міндеті – бала оқыту мен тәрбиелеу ісіне барынша көңіл бөлу болуы керектігін атап көрсеткен. Осыған орай мұғалімдерді орынсыз есептіліктен арылтып, олардың уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа тәсілдерді енгізу міндеті қойылған.
Бұл ретте педагогтің кәсіби қызметіне қатысы жоқ қосымша жұмыстарды азайту, мектептегі оқу-тәрбие үдерісінің сапасын арттыру және ұстаз мәртебесін нығайту маңызды. Өйткені мұғалімнің уақыты мен күш-жігері құжат толтыруға емес, оқушының білімін жетілдіруге, қабілетін ашуға және тұлғалық дамуына жұмсалуы тиіс.
Инклюзивті білім беру мәселесі де Жолдаудағы маңызды бағыттардың бірі ретінде аталды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау үшін арнайы инфрақұрылымды кеңейту, бейінді мамандар санын арттыру және балалардың жеке қажеттіліктерін ерте кезеңде анықтау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Бұл ретте білім беру ұйымдарының материалдық мүмкіндігімен қатар, педагогтердің кәсіби дайындығы мен психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтерінің жұмысы да маңызды рөл атқарады. Кездесу соңында білім саласының өкілдері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әсіресе мектеп қызметкерлерінің еңбек жағдайы, жалақы мөлшері, әлеуметтік төлемдер, жаңа білім беру нысандарының құрылысы және педагогтердің кәсіби құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты сауалдар қойылды. Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қойылған сұрақтарға жауап беріп, Жолдауда белгіленген міндеттердің мазмұны мен жүзеге асу бағыттарын түсіндірді.


Құралбек СӘБИТОВ


Іле ауданы

↑