Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында қос бекет іске қосылды

Алматы облысында қос бекет іске қосылды

43 қаралым

         Алматы облысы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында «Royal Petrol» компаниясының заманауи жанармай құю бекеттері іске қосылды.  Бұған дейін ауданда аталған компанияның мұндай бекеті болмаған. Енді аудан орталығының негізгі көшелерінің бойынан екі бірдей заманауи нысанның салынуы елдімекен ажарын аша түсті.

         Сүйінбай көшесіндегі жанармай бекетінің іске қосылғанына бір айдың жүзі бола қойған жоқ еді. Жуырда Қарасай батыр көшесіндегі дәл сондай нысанның да құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Шараға Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас, кәсіпкерлер, аудан тұрғындары қатысты. Салтанатты ашылу рәсіміндегі құттықтау сөзінде аудан басшысы Нұрлан Ертасұлы осындай заманауи халыққа қызмет көрсету орындарының маңызын атап өтіп, бекет жұмысына сәттілік тіледі. Мұндай инвестициялық жобалардың аудан экономикасын дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға елеулі  үлес қосатынын айтты. Құрметті қонақтар жаңа нысанның іші-сыртын аралап көрді. Онымен «Royal Petrol» компаниясының осындағы операциялық директоры Нұржан Оспанов таныстырды.

         Нысан қазіргі заман талаптарымен салынып, қызметіне жүгінушілерге барынша қолайлы жағдай жасалған. Ауласы кең, көлік кіріп-шығатын кірме жолдар, сілтеме белгілер сияқты қажетті шарттардың барлығы сақталғаны байқалады. Жанармай құюдан бөлек келушілер үшін бекет ішінде түрлі қызмет қарастырылған. Атап айтқанда сауда дүкені, тез дайындалатын тағамдар, сусындар ұсынылады. Дәретхана, намазхана бөлмесі бар. Сонымен қатар кең автотұрақ, электромобильді қуаттау стансасы, автогаз құю, көлік жуу және жөндеу қызметтері де қамтылған. «Халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсетуде біздің компанияның мол тәжірибесі бар. Бұл нысан да тұрғындар мен жолаушыларға сапалы әрі қолайлы қызмет көрсетеді», – дейді жанармай құю бекетінің операциялық директоры Нұржан Ерланұлы.

         Жамбыл ауданында кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Аймаққа инвесторлар тартылуда. Солардың бірі – «Royal Petrol» компаниясы Ұзынағаш ауылындағы екі бірдей жанармай құю бекетінің жобасына жалпы сомасы 600 миллион теңге инвестиция салды. Әр бекетте 30-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Осылайша, жергілікті тұрғындар үшін 80-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және халыққа қажетті заманауи қызмет көрсету нысандарын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

↑