Перейти к содержимому

Жарқыраған мың күн

27 қаралым

Соғыс – дүниедегі ең ауыр қасірет. Оның жалыны талай жүректі күл қылып, талай тағдырдың тас-талқанын шығарады. Бұл – бір адамға ғана төнген зауал емес, тұтас бір ұлттың, халықтың тоз-тозын шығарып, өмірін ойрандайтын кесапат. Халед Хоссейнидің «Жарқыраған мың күн» романы дәл осы соғыстың Ауған жұртына тигізген зауалын ашық әшкерелейді.

Алдымен шығарма авторына аз-маз тоқтала кетейік. Халед Хоссейни Ауғанстанның Кабул шаһарында ауқатты отбасында дүниеге келген. 11 жасында әкесі Париждегі Ауғанстан Елшілігіне жұмысқа тұрып, қоныс аударады. 1980 жылы елге оралар шақта төңкеріс болып, Кеңес әскері Ауғанстанға кіреді. Халедтің отбасы АҚШ-тан саяси баспана алып, бас сауғалайды. Ең қызығы, Х. Хосейни Калифорния университетінде медицина саласы бойынша білім алады. Дәрігер болып жұмыс істей жүріп, романдарын жазып, жарыққа шығарады. Сірә, халқының басына төнген нәубетті қағазға түсіріп, шындықтың бетпердесін түруді парызы санаса керек. Бұл тақырыпқа жазған бірнеше шығармасы бар. Алғашқы болып жарияланған «Батпырауық қуған бала» романы бірден бестселлерге айналып, оқырманның ерекше ықыласына бөленді. Сын айтушылар да табылды. «Оның туындыларының бәрін оқып шығудың еш мәні жоқ, себебі автор өз шығармаларына ешқандай жаңалық қоспайды», – деп пікір білдіргендер де бар. Меніңше, Ауған жұртының әрқайсының тағдыры, мұң-шері – том-том кітапқа арқау боларлық, қанша жазсаң да, тауысып бітпейтін тақырып. Ал Халед Хоссейни «Жарқыраған мың күн» романында әйел тағдыры арқылы бұл зұлматтың өтеуі қаншалықты ауыр болғанын бейнелейді.
Нана – Мәриям – Ләйлә – Әзиза. Төрт түрлі нәзік жандының бірінен-біріне алмасқан тағдыр шырғалаңы, әділетсіздік соққысын жеген шарасыз халі көзіңді еріксіз жасқа, жаныңды мұңға толтырады. Дәл осы шырмалған тағдыр түйінін қалай тарқатуға болады? Шарасыздықты қалай шорт кесуге болады? Әйел затын мұндай сұмдыққа душар етіп, көнуге мәжбүрлеген кім?
Әңгімені әріден бастайық. Некесіз туған Мәриям анасы Нанамен жұрт көзінен таса, кішігірім лашықта өмір сүреді. Жалғыз досы – Файзулла молда оған Құран сүрелерін жаттатып, сауатын ашып, шынайы жанашыр болады. Ал әкесі Жәлел әр аптаның бейсенбісі қызын көруге келеді. Бұл күнді Мәриям тағатсыздана күтетін еді. Оның көңіліндегі қызығушылық бір тұтам лашыққа сыймай, кең әлемді, қаланы, өзге бауырларын көргісі келді. Мұны әкесіне айтқанда, ол мұны құп көрмейді. Бар өмірінің мағынасы қызы болған Нана да қатты қарсылық көрсетеді. Мәриям Гератқа, ондағы әкесінің зәулім үйіне өзі баруға бекінеді. Ал Жәлел терезеден сығалағаннан басқаға батылы бармай, қызын түнде есігінің алдына түнеуге мәжбүр етеді. Оның әкесі Мәриям ойлағандай керемет адам емес екен. Көңіліне жеккөрініш сезімін буып қайтқан ол үйіне келгенде, анасының асылып өлген сұлбасын көреді. Содан әкесі мен өгей шешелері 15 жастағы қызды 40-тағы ер адамға күйеуге беріп, Мәриям Кабул шаһарына келеді. Қит етсе, бәле іздеп, қатігездікке көмілген Рашид оған ұрып-соғу мен қиянаттың түр-түрін көрсетеді. 6 баласы шетінеп, сәби сүйе алмайтын жағдайға жетеді. Рашидтің қатігездігінің шегін мына оқиғадан бағамдауға болады: Мәриямның жасаған тамағын ұнатпай, сол үшін «жазасын» бермек болады. Мұздай тасты аузына тығып, аузы-басын қанға бөгіп, тісін сындырады. Ал Мәриям сынған тісін алақанына түкіріп, түнекке айналған тағдырына көндігуден басқа амалы қалмай қала береді.
Шығарманың екінші бөлімінде Ләйлә мен Тарых есімді балалықтың жайдары күнін өткізіп жатқан қос кейіпкер сахнаға шығып, туындыға аз да болсын жылылық дарытады. Үйлері көрші орналасқан Ләйлә мен Тарых тай-құлындай тебісіп бірге өседі. Бірақ күн жылжып, жыл өткен сайын олардың достық сезімі ұлы махаббатқа ұласады. Ләйләнің әкесі оқыған-тоқығаны мол білімге құмар адам еді. Қызын да соған баулып, зерек қылып өсіреді. «Бұл соғыс біткенде, Ауғанстан сендерге еркектерге мұқтаж болғандай мұқтаж болады. Бәлкім, саған тіпті де зәру болатын шығар. Себебі әйелдері білімсіз елдің аспаны мәңгі қараңғы, Ләйлә». Бұл Хәкімнің ағынан ақтарыла айтқан шындық сөзі еді. Ал анасы Фарибе алдыңғы екі ұлының соғыста із-түзсіз жоғалғаны жанына батып, дүниеден баз кешеді. Сол қайғының шырмауына оратылып, Ләйләні көзге де ілмейді.
Соғыс өрті ауған халқын аяған жоқ. Ақыры Кабулға да жетіп, жалыны бүкіл шаһарды жайлады. Жан түршіктірер көрініске көндігіп, адамдар өлместің күйін кешіп жатты. Жарылыстан жан-жаққа шашылған тән мүшелерін жинап жүрген тірі жандар, бір-бірін аяусыз атқылаған қарулылар, жанары жәутеңдеп жетім қалған бүлдіршіндер – мұның бәрі Кабулдағы соғыстың сойқанын суреттейтін сұм бейнелер. Атыс-шабыс пен жарылыс үй-жай мен ғимараттарды талқандап қана қойған жоқ. Бұл адам жүрегіндегі үміт пен сенімнің, өмірге деген құштарлықтың күл-паршасын шығарды. Қираған үйіндімен бірге қаншама жанның көңіліндегі жан жылуы бірге көмілді. Жалт-жұлт етіп, атыс жарығы жанғанда, көңіл сәулесі сөнді. Аспан мен жер теңселіп, айнала астаң-кестең болғанда, жүрек дүрсілі дамылдап, мәңгі тыныштық тапты.
Осылайша, соғыс қасіретінен құтылғысы келген халық Ауғанстаннан көше бастайды. Бұл Ләйлә мен Тарыхтың да екіге айырылуына себеп болды. Махаббат шарапатына малынып, дүние-әлем күлгін түске боялғанда, қара түнек жаһанды қайта жайлап, өмір соққысы көкірекке келіп қадалды. Әуелі Тарыхтың отбасы кетті. Артынан Ләйләнің да үй-іші қоныс аударуға бекінді. Бірақ ойламаған жерден жарылыс болып, Ләйлә ата-анасынан айырылып, тұл жетімге айналды. Көзін ашқанда, Рашид пен Мәриямның үйіне тап болғанын көреді. Тарыхтың өмірден өткенін естіп, дүниені дүрліктірген дүрбелең жайлап тұрғаны тағы бар, Рашидтың жары болуға келіседі. Құрсағындағы сүйіктісінен біткен, махаббатының жалғыз белгісі болған шарананы аман сақтап қалуды ойлайды. Ең өкініштісі, ол да Рашидтің тепкісіне көнуге мәжбүр болады.
Романның үшінші бөлімінде Мәриям мен Ләйләнің кешкен күйі алма-кезек баяндалып, қос тағдырдың түйіскенінен хабар береді. Әуелде екеуінің арасында салқындық сезілгенімен, уақыт өте келе бұл сезім анасы мен қызының арасындағы жанашырлыққа алмасады. Күндердің күні олардың үйіне ойламаған жерден, өлдіге санаған Тарых кіріп келеді. Сонда ғана Ләйлә күйеуінің алдауына сеніп қалғанын түсінеді. Екеуінің кездесіп, сөйлескенін білгенде, Рашид Ләйләні өлімші етіп сабай бастайды. Мұны көрген Мәриям араша түскенімен, ештеңе шықпайды. Ақыры, қорадағы күректі әкеп, ұрғанда, Рашид бірден жан тапсырады.
«Жер қатты әрі қорқынышты сілкінетін сияқты. Алайда біз бетінде болғанымыз үшін сол тербелістің аз бөлігін ғана сезінеді екенбіз. Жеңіл ғана». Дәл адамның жандүниесі секілді. Жанның терең қатпарларында әркімнің өз мұң-шері жасырынып жатады. Ол астаң-кестең төңкеріліп жатса да, құйын ойнап, аласұрып жатса да, оның лебі өзгелерге жеңіл ғана білінер. Тіпті мүлде сезілмес. Тіршілік кешкен пенде баласының көңіл кірбіңінен адасы жоқ. Алып таудың салмағындай ауыртпалық пен өктем желдің дүниені шыр айналдырар желігендей өкінішті іште бүгіп, үн-түнсіз жүре береді. Күндердің күні сол тұл сезім тәнге сыймай, төгіліп түседі. Мәриямның да бұл қылығын дәл осындай жағдайдан әрі шарасыздықтан туған іс деп бағалағым келеді.
Бұл «қылмысынан» соң Мәриям өлім жазасына кесіледі. «Осы бір соңғы минуттарда Мәриям көп дүниені армандады. Көзін жұмғанда тұла бойын өкініш емес, қамсыздық пен тыныштықтың жылы лебі шарпыды. Мына дүниеге шата, артық пенде, жабайы шөп болып келіп, енді, міне, бір әйел жұртқа мейір-махаббатын бағыштаған, басқалардың да сүйіспеншілігіне бөленген адам ретінде бұл дүниемен қоштасқалы тұр. Ол – біреудің досы, серігі, қамқоршысы, анасы! Өмірін мағыналы өткізген опалы жан. Мәриямның өмірі құрметке лайық өмір. «Харами» болып басталып, қадір, салауатпен аяқталған өмір». Бәлкім, мәнді ғұмыр бұл әлемге қаншалықты пайдалы болып, адамдарға қаншалықты мейірім төге алғаныңмен өлшенетін болар. Дүниеде сонша қасірет көріп, бірақ сонда да жүрек тазалығын сақтай алу, өзгенің бақыты үшін өзіңді құрбан ету – өмірдегі ең ұлы ерлік. Соның арқасында Ләйлә сүйіктісіне қосылып, өзі қалаған бақытты өмірге қол жеткізіп, Пәкістанға қоныс аударады.
«Ол әр ауғандықтың әңгімесі өлім мен қайғы-қасіретке толы екеніне қайран қалды. Дегенмен сол адамдар қапысын тауып, өмір сүре беруге тырысады». Бұл – шығарманың төртінші бөлімінде соғыстың кесірінен жақындарынан айырылған жанның әңгімесін естігенде, Ләйләнің санасына келген алғашқы ой. Дәл осы сәтте ол Муридағы тыныш өмірін тастап, жарылыс жайлаған өз еліне қайтып келе жатты. Себебі Кабул әкесі айтқандай, Ләйләға ауадай мұқтаж еді.
Кейде адамның ішінде бұғып жатқан сезімдер қоғамда бекітіліп қойған негізсіз нормалардың кесірінен тұншығып қалады. Жәлелдің қызына деген махаббаты іспетті. Ел-жұрт қалай қарайды деген қауіппен некесіз туған өз перзентін ел алдында мойындауға батылы жетпеді. Бұл Мәриямның тағдырына қыл арқанды байласа, Жәлел үшін мәңгілік өкінішке айналады. Кейін қателігін түсініп, қызын іздеп келгенде, тас терезе екеуінің арасын тағы да бөлді. Бұл жолы терезенің ар жағынан сығалап тұрған Жәлел емес, Мәриям еді. Бірақ оның көңілінде «Неге келді екен?» деген сұрақ мәңгі белгісіз болып қалып, бақилыққа аттанып кетті. Туған жеріне оралған Ләйлә ең алдымен Мәриямға алдырмаған осы сырды білмекке бел байлайды. Сол үшін әуелі бала кезінде ең жақын адамы болған Файзулла молданың үйіне барады. Ол да өмірден өткен екен. Дегенмен Жәлелдің Мәриямға қалдырған ең соңғы аманатына қолы жетеді. Осылайша, Ләйлә өмірден өткен әкесі мен қызы арасындағы өкініш пен реніштен үзілген қылкөпірді қайта жалғайды. Кабулға келіп, балалардың сауатын ашады. Тарых екеуі жетімдер үйінің іші-сыртын ретке келтіріп, құрал-жабдығын толықтырады. Қанша үміт пен үрейдің арасында өмір сүрсе де, туған жер әрқашан ыстық. Ләйлә оны соғыстан тоз-тозы шыққан қалпында жақсы көреді, оның алға жылжуына тамшыдай болсын үлес қоса алғанына риза болады.
«Ай сәулесі шатырда, айдың сәнін кім білген,
Жарқыраған мың күн де қабырғадан көрінбес».
Шығармадағы берілген Саиб әл-Табри­зидің бұл өлең жолдары романның түпкі мәніне терең үңілдіреді. Бәлкім, Ләйлә үшін, ауған халқы үшін шатыр төбесіндегі ай да, қабырға сыртындағы жарық күн де көзге көрінбес мекенге аттанған Мәриям болған шығар. Оған романдағы мына бір жолдар дәлел.
«Мәриям әрқашан өзімен бірге. Оның рухы қайта сырланған қабырғаларда, балалардың қол-аяғын жылытқан жылы көрпелерде, жастықтарда, кітаптар мен қаламдарда. Мәриям сол балалардың күлкісінде, Әзизаның намазда оқыған аяттарында, ең маңыздысы – ол Ләйләнің жүрегінде, оның жүзіне түскен жарқыраған күн сәулесінде».
«Оқ пен өзімшілдік бірлескенде, кесапат әкеледі», – дейді роман кейіпкері. Бұл тұтас шығарманың бірауыз түйіні іспетті.
Халед Хоссейни шығарманың соңын барлық қиындықты жеңіп, мұратына жеткен баянды сюжетпен аяқтайды. Меніңше, шынайы өмірде мұндай мүмкіндікке қолы жеткендер аз. Дегенмен автор осы арқылы оқырманды жақсылықтан үміт үзбеуге шақырады. Қара қапастан жарыққа шығар күннің туатынына сендіреді. Бұл мұратқа жеткізетін ұлы сезім – махаббат екенін қаперге салады. Себебі қатыгездікті махаббат қана жеңе алады.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

↑